Бас тақырып

«Qarmet – отандық өндірістің мақтанышы»

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Олжас Бектенов облыстың бірқатар негізгі өндірістік кәсіпорын ошақтарын аралап, өнеркәсіп секторының өзекті мәселелерімен жете танысты.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Өңір басшысы Ермағанбет Бөлекпаев Үкімет басшысына облыс бойынша 61 инвестициялық жобадан тұратын пул құрылғанын айтты. Жалпы құны 1,5 трлн. теңгені құрайтын жобалар 14 мыңнан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Олардың басым көпшілігі тау-кен өнеркәсібі, металлургия және құрылыс салаларын қамтиды.

2024 жылы 252 млрд. теңгеге 10 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Атап айтқанда, катодты мыс, кремний қорытпалары, жел энергетикасы мұнаралары, мырышталған металл бұйымдарын шығару бойынша жаңа өндірістер ашылуы тиіс. Саран қаласында жүк автомобильдерінің өндірісі іске қосылмақ.

«Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағын аралау барысында Олжас Бектенов «Steel Manufacturing» патрон зауытының жұмысымен танысты. Биыл винтовка патрондары желісін іске қосуды аяқтау жоспары тұр. Сондай-ақ, түрлі калибрдегі патрондардың сериялық өндірісі іске қосылады деп күтілуде.

Қазақстандық патрон зауыты – қорғаныс-өнеркәсіп кешеніндегі жоғары технологиялық бірден-бір кәсіпорын. Мұнда алдымен қауіпсіздік мәселесіне және өндірісті автоматтандыруға басымдық берілген. Өндірістік үдерістердің барлығы дерлік адамның қатысуынсыз, автоматты түрде жүзеге асырылады. Айта кету қажет, бұған дейін Қазақстанда оқ-дәрі өндірісі болмаған. Ал, қорғаныс саласының қажеттілігі бұрынғы қор есебінен өтеліп, қалғаны шетелден сатып алынды.

Премьер-Министр өз кезегінде зауыт өндірістік қуатын ірікпей, толыққанды жұмысқа лайықты жарақталуына баса мән берді. Сол себепті, аталған кәсіпорынды салалық ведомстволардың жоспарға сай тапсырыстарын сапалы әрі уақытылы атқарарлықтай деңгейде болу қажеттігін атап өтті.

Олжас Бектенов «Қарағанды – Балқаш – Алматы» автожолын реконструкциялау барысымен де танысты. Бүгінде жаңа асфальт бедерімен жол қозғалысы лайықты қамтамасыз етілген. Айналма жолдар легін тек салынып жатқан учаскелер ғана кідіртіп тұр.

«ҚазАвтоЖол» компаниясының басшысы Дархан Иманашевтың айтуынша, 11 көпір мен қосымша нысандар бойынша негізгі жұмыс аяқталып, Балқаш қаласын айналып өтетін жерде теміржол көпірі арқылы өтпе жол салынған. Оған қоса, тасжол бойында 18 демалыс алаңы, оның ішінде санитариялық-гигиеналық тораптар салынбақ. Жобаны аяқтау үшін қазір жол құрылысы материалдары мен қажетті жайластыру элементтерін даярлау қарқын алған. Бұл орайда Үкімет басшысы осы бағыттағы жұмысты жыл соңына дейін аяқтау қажеттігін қадап айтты. Әсіресе, қосымша арнайы техниканы бөлу әдісімен ұзын-сонар кептелісті болдырмау мақсатында автожолдардағы қар тазалау шараларын күшейтуді талап етті.

Мұнан соң Олжас Бектенов Qarmet металлургиялық комбинатының өндірістік цехтарына ат басын тіреді. Бүгінгі таңда комбинат – республикадағы толық өндірістік циклі бар ірі тау-кен және болат кәсіпорындарының бірі. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша, мемлекет өндіріс ошағын әрі қарай дамытуға қажетті қолдау көрсетуде. Премьер-Министр №3 домна пешінің, табақша металды илемдеу цехының, сондай-ақ, ыстық күйде мырыш, алюминий жасау цехтарының жұмысымен етене танысты. Мұнда Премьер-Министр металлургтермен әңгімелесті. Келелі жүздесу барысында кәсіби мамандық мәртебесін арттыру, жалақы көлемін ұлғайту, жас мамандарды даярлау үшін жаңа оқу орындарын құру, өзге де мәселелер көтерілді.

Үкімет басшысы жоғарыда аталған маңызды мәселелердің барлығы және Qarmet-тің алдағы жұмысы да мемлекеттің жіті бақылауында болатынына сендірді.

– Жаңа инвестор өндірісті жаңғырта отырып, қауіпсіздік деңгейін арттыруға ауқымды инвестициялар тарту бойынша міндеттемелер қабылдады. Бұл – бос сөз емес. Мұның бәрі қағазға қатталған және мемлекеттің бақылауында болады. Президент тиісті тапсырма берді. Комбинаттың тынысы кеңейіп, жарқын өмірге жол ашатынына сенімдіміз. Qarmet – отандық өнеркәсіптің мақтанышы. Біз өз тарапымыздан бақылау амалдарын күшейтіп, жан-жақты қолдау көрсететін боламыз, – деді Олжас Бектенов.

Өндірістік цехтарды аралап шыққаннан кейін Премьер-Министр салалық ведомство басшылары, жаңа инвестор, әкімдік өкілдері және кәсіпорын қызметкерлерінің қатысуымен Qarmet-тің өзекті мәселелерін шешу жөнінде кеңес өткізді. Qarmet акционері Андрей Лаврентьев 2028 жылға қарай темір кені концентратын шығаруды 5 млн. тоннаға дейін ұлғайту, 9 млн. тонна көмір және 5 млн. тонна болат өндіру көзделгенін баяндады. Оған қоса Үкімет басшысының назарына химия, мұнай, құрылыс және кеме жасау салалары үшін болаттың жаңа және премиум маркаларын шығару, жүк техникасын, автобустарды, ауыл шаруашылығы техникасын, теміржол вагондарын өндіру әлеуеті ұсынылды. Әсіресе, автомобиль жасау кезінде қолданылатын болаттың жекелеген түрлеріне ерекше назар аударылмақ. Бұл отандық машина жасау өндірісін локализациялауға оң әсер етеді. Жалпы, әлемдік нарықтағы өнімнің жаңа маркаларына деген сұраныс комбинаттың Орталық Азия мен ТМД металлургиясы көшбасшыларының бірі ретіндегі мәртебесін қайтаруға мүмкіндік береді деп күтілуде.

Аталған компания үшін басымдыққа ие тағы бір перспективалы бағыт – көмір химиясы. Пиролизді конверсиялау технологиясына сүйене отырып, көмірді пайдалы өнімдер мен шикізат ретінде өңдеу жоспарланып отыр. Бұл Қарағанды көмір бассейнінің қайта түлеуіне елеулі серпін бермек. Стратегиялық міндетке қол жеткізу үшін Олжас Бектенов уәкілетті мемлекеттік органдарға кәсіпорынның өзекті мәселелерін пысықтауды тапсырды. Атап айтқанда, Qarmet-ті табиғи газбен қамтамасыз ету мәселесін шешу керек. Бұл өз кезегінде Теміртау қаласының экологиясын түбегейлі жақсартуға мүмкіндік береді. Осы орайда Премьер-Министр компанияның инвестициялық жоспарларын іске асыруды барынша жеделдету қажеттігін атап өтті. Себебі, бұл өз кезегінде Қазақстан экономикасының құрылымын өзгертуге елеулі үлес қоспақ.

Saran индустриялық аймағын аралау кезінде Үкімет басшысы 2021 жылы іске қосылған автобус шығаратын «Qaztehna» зауытының жұмысымен танысты. Бүгінде кәсіпорында шағын торапты құрастыру, дәнекерлеу және бояу цехтары жұмыс істейді. 2023 жылы мұнда 1 700-ге жуық автобус шығарылды. Зауыттың өнімі Қазақстанның ішкі нарығына, сондай-ақ ЕАЭО елдеріне жіберіледі.

Содан кейін Олжас Бектенов автомобиль шиналарын шығаратын «KamaTyresKZ» кәсіпорнына барды. Мұнда көктемде сериялық өндірісті бастау жоспарланып отыр. Ол үшін арнайы курстардан білім алған 500-ден астам қызметкер жұмысқа кірісуге дайын. Ал, кәсіпорын толық қуатына шыққаннан кейін қосымша 1 000-нан астам жұмыс орны ашылмақ.

Жобаға 214 млрд. теңгеден астам инвестиция құйылды. Жобалық қуаты жылына 3,5 млн. жеңіл және жүк көліктері шинасын құрайды. Қазіргі уақытта мұнда жабдықтарды монтаждау және іске қосу, ретке келтіру жұмыстары жүріп жатыр.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.кz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button