Qarmet металлургтерге арналған тегін емхана ашты
Теміртау қаласында Qarmet компаниясы металлургиялық комбинат аумағында «QarMed» орталығы базасында заманауи емхананы іске қосты. Жаңа нысан кәсіпорын қызметкерлеріне медициналық тексерулерді тегін жүргізуге мүмкіндік береді. Бұл жайлы Qarmet компаниясының баспасөз қызметі мәлімдеді.

Емхана қызметі профилактикалық тексерулерді ұйымдастыруға және ерте диагностика жүйесін дамытуға бағытталған. Бұл өз кезегінде ауруларды дер кезінде анықтап, жұмысшылардың денсаулығын тұрақты бақылауға және профилактикалық медицинаның тиімділігін арттыруға жол ашады. Қабылдауды терапевт, офтальмолог, оториноларинголог, психиатр, хирург, дерматолог, невропатолог, профпатолог, акушер-гинеколог және өзге де білікті мамандар жүргізеді.
«Qarmet үшін басты басымдық – қызметкерлердің өмірі мен денсаулығы. Жаңа орталық металлургтерге барлық тексерулерді заманауи жабдықтармен толық көлемде өтуге мүмкіндік береді. Бұл олардың денсаулығын өзге медициналық мекемелерге жүгінбей-ақ кешенді бағалауға жағдай жасайды. Алдағы уақытта стоматологиялық қызметті де іске қосуды жоспарлап отырмыз», – деді «QarMed» медициналық орталығының директоры Арман Байсұлтан.
Жаңа емхананың ашылуы корпоративтік медицинаны дамытудағы маңызды қадам саналады. Ол кәсіпорын қызметкерлеріне сапалы медициналық қызметтің қолжетімділігін арттырып, денсаулыққа төнетін қауіптерді азайтуға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, бұған дейін Qarmet Қарағанды қаласында шахтерлерге арналған клиникалық-диагностикалық орталық ашқан болатын. Қазіргі таңда онда 5 мыңнан астам шахтер тексеруден өтіп, бұл бастама қызметкерлердің денсаулығын қорғау жүйесін нығайтуға оң әсерін тигізді.
Материалды әзірлеген Аяулым СОВЕТ





