«Qarmet» компаниясы «Алтын Гефест – 2025» ұлттық байқауында ерекше цифрлық жобалары үшін арнайы аталым бойынша жеңімпаз атанды. Кеншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жаңа орталық осылайша компанияға жарқын жеңіс сыйлады. Былтыр Мемлекет басшысының өзі аталған орталықта болып, жұмыс жүйелігін оң бағалаған еді.
Астанада беделді ұлттық салалық сыйлық – «Алтын Гефест» марапатын табыстау рәсімі өтті. Бұл марапат жыл сайын Қазақстанның тау-кен және металлургия саласының дамуына қомақты үлес қосқан үздік мамандарға, кәсіпорындарға және жобаларға беріледі.
«Алтын Гефест – 2025» байқауының Ең басты номинациялардың бірі – «Тау-кен металлургия кешеніндегі ең үздік digital-шешім» арнайы аталымы. Бас жүлде «Qarmet» компаниясының еншісіне бұйырды.
«Qarmet» компаниясы бұл марапатқа Көмір департаментінің Диспетчерлік-талдау орталығын және Қазақстанда баламасы жоқ – персонал мен техниканың позициясын анықтайтын біріктірілген жүйені әзірлеп, іске қосқаны үшін лайық деп танылды.
Бұл орталық 2024 жылдың тамыз айында Қарағанды қаласында іске қосылған және қазірдің өзінде нақты нәтижелер көрсетіп отыр. Атап айтсақ, шахталарда газ деңгейінің көтерілуіне байланысты болатын төтенше жағдайлар саны 43,8 пайыз азайған. Жоба «Qarmet» компаниясының кең көлемді цифрландыру бағдарламасының бір бөлігі және отандық DMMS өндірістік басқару платформасы негізінде жұмыс істейді. Жобаның негізгі мақсаты – өндірістік қауіпсіздік деңгейін арттыру және барлық сегіз шахтада басқаруды жақсарту.
«Qarmet» АҚ-ның Тұрақты даму жөніндегі басқарушы директоры Ербол Исмаиловтың айтуынша, жерасты позициялау жүйесі қазірдің өзінде төрт шахтада енгізілген, жыл соңына дейін барлық сегіз шахтада жұмыс істейтін болады.
– Бұл жүйе бізге әр шахтер қай жерде екенін, оның жағдайын, сондай-ақ, жұмыс орнындағы ауа мен желдетудің жай-күйін бақылауға мүмкіндік береді. Біз жер астындағы әр қызметкермен байланысқа шығамыз. Бұл – ең алдымен, қауіпсіздік мәселесі. Енді, біз әрбір шахтермен тікелей сөйлесе аламыз, – дейді Ербол Исмаилов.
«Біздің кен орындарына жарылысқа төзімді бейнебақылау жүйесі орнатылған. Ол газды ортада да жұмыс істей алады. Камералар байланысқа қосылған сәттен соңғы минутқа дейін көрсетеді. Онда қуаттаушы станциялар бар. Мұнымен қоса, шахталардың барлығына кіру турникеттері мен автоматтандырылған медициналық қондырғылар орнатылған. Олар кеншінің денсаулығын бірден тексеруге мүмкіндік береді. Талапқа сәйкес келмеген жағдайда жер астында жұмыс істеуіне шектеу қойылады. Ал, арнайы терминалдар кеншілердің қауіпсіздік туралы білімін жетілдіруін қамтамасыз етеді. Олар сынақ тапсырып, нәтижелерін бірден көреді», дейді «Qarmet» АҚ Көмір департаментінің бас энергетигі Юрий Барковский.
Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағандыға сапарында Qarmet акционерлік қоғамының диспетчерлік-талдау орталығын аралап көрген болатын.
Сол жолы компанияның бас директоры Вадим Басин Қасым-Жомарт Тоқаевқа көмір өндірісі бөлімшесін дамыту жөнінде баяндады. Атап айтқанда, былтыр көмір тек 3 шахтадан өндірілсе, енді Президент тапсырмасына сай қысқа мерзім ішінде барлық 8 шахтадағы жұмыс қалпына келтірілді. Өндірістік қауіпсіздікті күшейту үшін ауқымды жұмыстар қолға алынды.
Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»