«Qarmet» еңбек ұжымы жаңа Конституцияға қатысты референдумды қолдайтынын мәлімдеді
«Qarmet» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы, Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның мүшесі Андрей Лаврентьев металлургиялық комбинаттың еңбек ұжымымен кездесті. Ашық диалог барысында Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасының негізгі ережелері және олардың ел дамуына, өнеркәсіптің өркендеуіне, құқықтық мемлекетті нығайтуға және еңбек адамының құқықтарын қорғауға ықпалы талқыланды.

«Жаңа Конституция – ел болашағының берік іргетасы. Оның негізінде әділет, заң және адамға құрмет қағидаттары жатыр. Еңбек адамдары үшін мемлекет баршаға ортақ әрі түсінікті ережелерді қамтамасыз етіп, азаматтардың құқықтарын қорғап, даму мүмкіндіктерін жасауы аса маңызды. Күшті, тұрақты және әділ мемлекет дәл осындай қағидаттарға сүйеніп құрылады», – деп атап өтті Лаврентьев.
Мемлекет басшысы Qarmet ұжымының еңбегін жоғары бағалайды. Компания отандық өнеркәсіптің тірек кәсіпорындарының бірі ретінде ел экономикасының дамуына елеулі үлес қосып келеді.

35 мың адамнан тұратын Qarmet еңбек ұжымы жүргізіліп жатқан реформалар мен алдағы референдумды қолдайтынын білдірді. Ұжым өкілдері Конституцияның жаңартылуы қазіргі қоғамның негізгі құндылықтарын — заң мен тәртіпті, адам мен азаматтың басымдығын, ар-намыс пен қадір-қасиетті қорғауды, еңбек ету құқығын, білім алу және кәсіби даму мүмкіндіктерін айқындайтынын атап өтті.

Металлургтер адамға бағытталған тәсілді конституциялық деңгейде бекіту құқықтық кепілдіктерді күшейтіп, әділ әрі болжамды орта қалыптастыратынын, қоғамдық сенімді арттырып, өнеркәсіптік дамудың тұрақтылығын қамтамасыз ететінін атап өтті.
Компания ұжымы атынан Болат департаментінің директоры, жалпы еңбек өтілі 150 жылдан асатын атақты металлургтер әулетінің өкілі Андрей Берг сөз сөйледі: «Біз елдегі реформаларды толық қолдаймыз. Жаңа Конституция тұрақтылықтың, әділеттілік пен дамудың ұзақ мерзімді негізін қалыптастыратыны біз үшін маңызды. Өз тарапымыздан адал еңбек етіп, өнеркәсіптік әлеуетті нығайтып, еліміз бен компаниямыздың дамуына үлес қоса береміз»- деді ол.
Бүгінде Qarmet компаниясы өндірістік қуаттарды технологиялық жаңғыртуға, тиімділікті арттыруға және адами капиталды дамытуға бағытталған ұзақ мерзімді «5-9-5» модернизация бағдарламасын іске асыруда. Бағдарлама аясында кадр даярлау, қызметкерлердің біліктілігін арттыру және заманауи қауіпсіздік стандарттарын енгізу жұмыстарына ерекше мән берілуде. Бұл білім, ғылым және инновацияны дамытуға бағытталған мемлекеттік саясатпен үндеседі.
Кәсіпорын ұжымы референдумға қатысуды жоғары азаматтық жауапкершіліктің және ел болашағын қалыптастыруға саналы түрде атсалысудың көрінісі деп санайды. Металлургтер жаңа Конституция Қазақстанның мемлекеттік негіздерін нығайтып, еңбек адамының құқықтарын қорғауға және елдің ұзақ мерзімді дамуын қамтамасыз етуге сенімді тірек болады деп есептейді.
«Qarmet» АҚ баспасөз қызметінен



