«Qarmet» домна пештері толықтай табиғи газға көшірілді
«Qarmet» металлургия комбинаты домна өндірісін толықтай табиғи газға көшіру жобасын аяқтады. Бұл қадам кәсіпорынның энергия тиімділігін арттырып, өндіріс үдерісін тұрақтандырумен қатар қоршаған ортаға түсетін жүктемені айтарлықтай азайтуға мүмкіндік берді. Нәтижесінде комбинат тәулігіне 250 тоннадан астам мазутты пайдалануды тоқтатып, экологиялық тұрғыдан таза әрі тиімді отын түріне толық өтті.

Газ құбырының құрылысы 2024 жылы басталған болатын. 2025 жылдың тамыз айында алғаш рет табиғи газ №2 домна пешіне берілді. Келесі айда жүйеге №3 пеш қосылды, ал қазанның соңында төртінші пеш те толықтай газбен жұмыс істей бастады. Осылайша бүгінде Qarmet комбинатының барлық домна агрегаттары табиғи газ негізінде жұмыс істейді.
Жобаның басты мақсаты – мазутты толықтай алмастырып, экологиялық тұрғыдан таза әрі энергиясы тиімді отын түріне көшу болды. Соның нәтижесінде тәулігіне 250 тоннадан астам мазутты қолдану тоқтатылды.

Қазір металлургтер өндіріс тиімділігін арттыру және кокстың шығынын азайту бағытында жұмыс жалғастыруда.
– Мен домна цехында 25 жылдан бері жұмыс істеймін. Алғаш рет табиғи газбен жұмыс істеп отырмыз. Жүйені игеріп, алғашқы нәтижесін көрдік: өнімділік артты, кокстың шығыны азайды, ал шойын өндірісінің өзіндік құны төмендеді. Бұл – ұжым үшін үлкен жетістік, – деді №4 домна пеші өндірістік учаскесінің бастығы Асхат Серікбаев.
Qarmet комбинаты мұнымен шектелмейді. 2026 жылы табиғи газға әк күйдіру және конвертер цехтары, мырыштау желілері мен жылу-электр орталықтарын көшіру жоспарланып отыр.
Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА



