«Qarmet» АҚ: жаңа инвестор міндетін орындап жатыр ма?
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі «Qarmet» АҚ-дағы жаңа инвестор өзіне алған барлық міндеттемені қаншалық орындап жатқанына түсінік берді, деп хабарлайды Ortalyq.kz kaz.inform.kz сайтына сілтеме жасап.
– Былтырғы жылдың соңында Қарағанды металлургия зауытында басшылық ауысқаны белгілі. Жаңа инвестор («Qarmet» АҚ) жыл басында өзіне белгілі бір міндеттемелер алды. Соның ішінде комбинатты жаңғырту әрі дамыту, өнеркәсіптік қауіпсіздік пен еңбекті қорғауды қамтамасыз ету және экологиялық тұрақтандыру мәселелері ескерілген. Қазіргі кезде жаңа инвестор бүкіл металлургиялық комбинатты оңалту және жаңғырту бойынша ауқымды жұмысты атқарып жатыр. Компания басшылығы 2024-2028 жылдарға арналған стратегиялық бағдарламасын әзірледі. Стратегиялық бағдарламаның негізгі мақсаттарына еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету және өндірістік дивизиондардың жұмысын тұрақтандыру, қуаттылықты арттыру, өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету, болат пен көмір өндірісінің көлемін тиісінше 2030 жылға дейін 5 млн. және 9 млн. тоннаға дейін ұлғайту, сондай-ақ, өнім сапасын жақсарту кірді, – делінген министрліктің мамандары.
Ведомствоның ақпаратына қарағанда, еңбек қауіпсіздігі «Qarmet» АҚ үшін басым бағыт болып қала береді. 2024 жылы қауіпті өндірістік объектілерді зерттеу, тренингтер мен оқу-жаттығуларын өткізу бойынша іс-шаралар жоспарланып, 15 000-нан астам қызметкер даярлықтан өтті.
– Экологиялық тұрақтандыру саласындағы маңызды қадам – «Qarmet» АҚ-ның өндірістік процестерде табиғи газды пайдалануға көшуі, бұл өз кезегінде көмірқышқыл газы мен басқа да ластаушы заттардың шығарындыларын едәуір қысқартуға, сондай-ақ, ЖЭО-2 және ЖЭО-ПВС-да жаңа қазандықтарды ауыстыру мен салуға, кокс-химия өндірісінде Кокс батареяларын жөндеуге және салуға мүмкіндік береді. Жалпы, «Qarmet» АҚ міндеттемелерінің орындалуы ерекше бақылауда тұр, – делінген министрліктің мәліметінде.
Материалды әзірлеген Ербол ЕРБОЛАТ.