«QARAQAR» қарап отырған жоқ
Аталған қоғамдық қор «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның әрекетсіздігінен зардап шеккендер мүддесін құқықтық қорғау жөніндегі жұмыс барысы туралы кезекті есептік кездесуін өткізді.
Жұмыс басында «QARAQAR» алпауыт компания қызметіндегі халық пен мемлекетке ең көп зиян келтіретін екі негізгі проблемалық бағытты анықтады. Біріншісі өнеркәсіптік қауіпсіздік еңбек шарттарын қорғау болса, келесісі экологиялық талаптар.
«QARAQAR» адвокат жұмылдырып, 2022 жылғы 3 қарашада Ленин атындағы және 2021 жылғы 7 қарашада «Абай» шахтасында болған апат фактілері негізіндегі үш қылмыстық іс бойынша зардап шеккен кеншілер құқықтарын қорғау амалдарын жүзеге асыруда. Бұл оқыс оқиғалар салдарынан 11 кенші қаза тауып, 6 адам жарақаттанған.
Нәтижесінде Үкіметтік комиссия даярлаған арнайы тергеу актілері, қылмыстық істер материалдары «Арселордың» персонал қауіпсіздігі жөніндегі талаптарды толығымен елемей, ол түгілі өндірісті жаңғырту үдерісінде пайданы айрықша арттыруға бағытталған шынайы мақсаттарын растады.
Инвестиция атаулысы тек технологиялық процесті қолдаумен шектелді. Кеңес дәуіріндегі әбден ескірген техника жаңартылмай, тек қалпына келтіріліп келген. Тәуелсіз халықаралық сарапшылар Үкіметтік комиссиялардың жұмысы аясында «Арселордың» нормативтік құжаттары, қолданылатын әдістері мен жабдықтарының «өткен ғасыр, олар технологиялық процестің қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмайтыны» туралы бірлескен қорытынды жасады.
Тағы бір дерек. «Абай» шахтасында апатты зерттеу кезінде зауытта көмір, тау жыныстары мен газ шығарындылары бойынша қауіпті шахталарда, қолдануға тыйым салғанына қарамастан, «КСП-32» ұңғымалық комбайндары пайдаланылған.
«Арселор» басшылығы көп жылдар бойы шахталардағы топтық жазатайым оқиғаларды тергеу жөніндегі Үкіметтік комиссиясының штатты, оның ішінде геологиялық-маркшейдерлік қызметті жасақтау, шахта алқаптарын жете барлауды жүргізу, бұрғылау параметрлерін электронды бақылайтын станоктарын пайдалану, шахталарды газ қоспасы мен көмір шаңының құрамын бақылау құралдарымен жарақтандыру сынды бірқатар талаптарын елемеді.
– «Арселор» нысандарындағы жазатайым оқиғалар бойынша қылмыстық істерді тергеу тәжірибесін талдау көрсеткендей, көбінесе сотқа дейінгі тергеулер қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтатылады. Тергеу тек жергілікті орта буын басшыларымен шектеледі. Шетелдік топ-менеджерлер куәгер ретінде өтеді. Жоғары басшылардан жауап алынбайды және олар жауапкершіліктен босатылады. Мұнан басқа да трагедиялы, ашылмай жатқан істер, фактілер, тізбелер бар екендігін есімізден шығармауымыз керек. «QARAQAR» пікірінше, бұл жағдай «Арселордың» заң мен тәртіпті белден басып, өрескел қателіктерге жол бергендігінің кезекті көрінісі, – деп түйіндеді сөзін «QARAQAR /BLACKSNOW» қоғамдық қорының басшысы Серік Ақылбай.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz