Психология қазаққа жат па?
Психолог десе, басқаны қайдам, қазақтың қорқатыны рас. Психология маманына барып, кеңес алуды айта қалсаңыз, «менің ақыл-есім дұрыс» деп ренжитінін қайтесіз. Түсінік солай қалыптасып қалған. Дегенмен, мамандар кейінгі жылдары психология ғылымына көзқарастың өзгергенін, психолог көмегіне жүгінетіндердің артқанын айтады. Бірақ, оның арасында да қазақтардың үлесі шамалы екен.
Қазіргі қоршаған орта, өмір сүріп жатқан салтымыз жүйке жүйемізге артық салмақ салатыны жасырын емес. «Ә» десе, «мә» деуге дайын бәрі. Оның үстіне, пандемия жағдайындағы шектеулер де белгілі бір дәрежеде бұл мәселені күрделендіріп жібергенін мойындауымыз керек.
Қарағанды университеті психология кафедрасының аға оқытушысы, психология магистрі Камшат Игембаева осыдан 10 жыл бұрынғы жағдаймен салыстырғанда психолог мамандарға кеңес сұрап келетіндер саны артқанын айтады.
– Қазір мамандарға келетіндер көбейді. Бірақ, оның ішінде қазақтар әлі де болса аз. Мұның себебі, этнопсихологиялық ерекшелікке байланысты деп ойлаймын. Бізде «ұят» деген түсінік бар. Ол фильтр секілді. Сол «ұят болады» – психологқа бармаудың қарапайым тосқауылдарының бірі, – дейді маман.
Камшат Советқызының айтуынша, адам өзінде немесе жақынында белгілі бір мәселенің бар екенін мойындауға, көрсетуге ұялады, жасырады. Қазақтардың ішінде де, орыс тілді қазақтар мәселесін ашық айта алады екен.
– Біз үшін біреудің пікірі бірінші орында. Бұл ретте мен дәстүрге қарсы шыққым келмейді. Бірақ, әр адам өз өміріне жауапкершілікпен қарауы тиіс. Өзге ұлттар психологиялық мәселені шешуде қаражатын аямайды. Ал, біз көршімізбен, анамызбен сөйлесе салғанды жөн көреміз. Бұл да дұрыс шығар, бірақ, ол мәселенің түптөркінін анықтамайды, – дейді Камшат Игембаева.
Жалпы, психологиялық көмек көрсететін орталықтар да, жеке психологтар да қазір жеткілікті. Ақысы маманның кәсіби деңгейіне, тәжірибесіне байланысты. Ал, емханаларда тіпті, тегін көрсетіледі. Көмек те түрлі бағытта көрсетілуі мүмкін. Мәселен, бір адам отбасылық мәселелерге бағыт алса, енді біреуі экстремистермен, ойынқұмарлармен жұмыс жасайды. Солардың арасында қазақ тілді мамандардың аздығы да қазақтардың психологқа жиі бармау себебінің бірі. Кейінгі 5-6 жылдың мұғдарында пайда болған «Қазақ психологиялық қоғамы» республикалық қоғамдық бірлестік президенті Мұқан Перленбетов осындай пікірде.
Оның айтуынша, елдегі психологиялық ахуалды зерттейтін, азаматтарға психологиялық кеңестер беретін орталықтардың барлығы дерлік орыс тілінде қызмет көрсетеді.
– Өзін, жан дүниесін түсінгісі келетін адам үшін орыс тіліндегі дүниелер жетіп артылады. Ал, қазақ тілді психолог мамандар аз. Жалпы, кәсіби түрде, қазақша психологиялық көмек беретін мамандар жетіспейді. Психологиялық мазмұндағы қазақ тілді материалдар, оқу-құралдар да тапшы, – дейді М.Перленбетов.
Қандастарымыздың психологияға қырын қарауының тағы бір себебі – аталған ғылымның мәні, жалпы психолог мамандарының қызметі жайлы ақпараттың аздығынан да болуы мүмкін. Керісінше, интернетте «оңай жолмен ақша табуды», «бақытты болуды» үйрететін тренерлердің дәурені жүріп тұр.
– Бұл да жарнаманың әсері,– дейді Камшат Советқызы. – Ондай тренинг өткізушілер халық назарын аударатын тақырыптар ұсынып, оны қарапайым түрде, қазақша жеткізе алады. Бірақ, бұл уақытша әсер етеді. Ол мәселенің шешімін таба алмайды. Ондай тренингтер белгілі бір курс біткенше ғана үміт сыйлайды. Бәлкім, психология саласы бойынша дипломдары бар шығар, бірақ, оларды кәсіби маман деуге келмес. Оларға негізінен, психологиялық сауаттылық деңгейі төмен адамдар барады.
Психология – адамның жаны. Оған атүсті қарауға әсте болмайды. Жаны күйзелген адамға қолдау мен көмек ауадай қажет. Алайда, «жабулы қазанды жабулы күйінде» қалдыра беретін болсақ, салдары ауыр болмақ. Онсыз да Қазақстан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегі бойынша, суицид саны жағынан үшінші орында тұр…
Жансая ОМАРБЕК.