Пробациядағылардың проблемасы не?
Төрт қабырғаға қамалып, қоғамнан жырақта ұзақ өмір сүріп, бостандығынан айырылғандар қарапайым қарым-қатынас ережелерін ұмытып қалады екен. Жұмыс тауып, жаңа өмір бастап кетуі де қиын. Қоғамға сіңісіп кете алмағандары үшін ең оңай жол – қайтадан түрмеге түсу сияқты. Жазасын өтеп шыққандар қоғамнан орнын таба алады ма? Бұл ретте пробация қызметінің үлесі қандай?
Қарағанды облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментінің баспасөз хатшысы Рустам Каюповтың айтуынша, Қазақстан Республикасының Қылмыстық-атқару кодексіне сәйкес қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерінен босап шыққандарға пенитенциарлық, постпенитенциарлық, үкімдік пробация қолданылады, қылмыстық-атқару жүйесінің пробация қызметі сотталғандарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетеді.
– Яғни, әр сотталғанға әлеуметтік- -құқықтық көмек көрсетудің жеке бағдарламасы дайындалып, оларға медициналық көмек көрсетіледі және еңбекпен қамтамасыз етіледі. Жыл басынан бері 3462 әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетілді, 196 сотталған адам ем алды. Сондай-ақ, 2059 адамға психологиялық көмек көрсетілді. Кәмелетке толмаған 1 адам орта-мамандандырылған білім алды. Жергілікті әкімдіктердің халықты еңбекпен қамтамасыз ету орталықтары арқылы 457 сотталған адам еңбекпен қамтамасыз етілді. Сол орталықтарда 289 сотталып шыққан адамға әлеуметтік көмек көрсетілді. 20 адамға төлқұжатын қайта шығарып берілгенін де атап өту керек, – деді Рустам Каюпов.
Заңға сәйкес, пробация деп, Қылмыстық және Қылмыстық процессуалдық кодекстерде санаттары анықталған адамдардың жаңа қылмыс жасамауы үшiн олардың мiнез-құлқын түзетуге бағытталған бақылау және әлеуметтiк-құқықтық сипаттағы шаралар жүйесi түсiнiледi. Пробациялық бақылау заңды күшіне енген сот үкімі негізінде босатылған адамдарға қойылады. Қылмыстық заңнамаға сәйкес пробациялық бақылаудың мерзімі бас бостандығынан айыру мерзіміне тең. Жыл басынан бері облыс бойынша пробация қызметінің есебінде 3831 сотталған азамат тұр. Істі болып, жазасын өтеп шыққандарға нақты қандай көмек бар? Кейбірінде отбасы болса, біреудің ешкімі болмауы мүмкін немесе жақындары теріс айналуы да жиі кездесіп жатады. Сондықтан, қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінен босатылар алдында мекеме мен пробация қызметкерлері сотталғандардың босатылғаннан кейін тұратын тұрғылықты мекенжайын тексереді, отбасы мүшелерімен сұхбат жүргізеді.
– Босатылғаннан кейін пробация қызметі сотталғандарды сол тұрғылықты мекенжайы мен жұмыс не оқу орны бойынша тексеріп отырады, – дейді Р.Каюпов. – Әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету бағдарламасына сәйкес, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының халықты еңбекпен қамтамасыз ету орталықтары арқылы кәсіп ашу, мамандықты игеру, жұмыспен қамту жұмыстары жүргізіледі. Балқаш қаласының пробация қызметінің көмегімен қала әкімдігі қаражаты есебінен сотталған азаматты тұрғын-үймен қамтамасыз етті. Әдетте, сотталғандардың қайтадан қалыпты өмір сүріп кететіне күдікпен қарайтынымыз рас. «Адам болмайды» деп сырттай кесіп-пішеміз. Сол әрекетіміз арқылы оны қоғамнан алыстатып жатқанымызды ескере бермейміз, бірақ. Біздің айтып отырғанымыз, ауыр, аса ауыр қылмыс жасаған қандықол қылмыскер емес, абайсызда жаза басқандар. Мамандар есепте тұрған сотталғандардың қайта қылмыс жасамауына әсер ететін еңбек екенін алға тартады. Алайда, еңбек ету тұлғаның конституциялық құқығы болғандықтан, пробация қызметі оларды жұмыс істеуге міндеттей алмайды.
– Бұл – бостандыққа шыққан адамдардың басты мәселесі. Жұмыс болса да, қоғамда оларға деген сенімсіздік бар. Яғни, жұмыс берушілердің көбі сотталғандарды жұмысқа алмайды. Бірақ, халықаралық тәжірибеде сотталғандарды қоғамға еңбек арқылы қайтару жиі айтылады. Осы жағынан қолдау болса, ол адам тез бейімделіп кетер еді, – дейді ресми өкіл.
Темір тордың әр жағынан шыққан адамға дайын тұрған жұмыс жоқ екені белгілі. Қазір кәдімгі мамандардың өзі жұмыс таппай тентіреп жүр. Бірақ, бұл бағыттағы жұмыстар жүріп жатқанын жоққа шығаруға болмайды. Қарағанды қаласындағы жұмыспен қамту орталығының өзінде биылғы жарты жылда 40-тан астам адам жұмысқа тұрыпты.
– Қала әкімдігі мен екі аудан әкімдігі, пробация қызметі бірлесіп сотталып шыққандарды жұмысқа орналастыру мәселесін көтеруде. Олардың ұсынған квоталары бойынша 6 мекемеде 11 адам жұмыс жасап жүр. «Еңбек» бағдарламасы аясында бұл адамдар қоғамдық жұмысқа тартылды, әлеуметтік жұмыс орнын алды. Жол картасы арқылы тұрақты жұмысқа орналастырылды. Былтыр 2 адам өз ісін бастауға қайтарымсыз грант алды, – дейді жұмыспен қамту орталығының директоры Нұржан Сыздықов. Түрмеден шыққан кейін ғана емес, жазасын өтеп жүріп еңбекке тарту керек. Кейбір деректер жазасын өтеушілердің 10-15%-ы ғана еңбек ететінін көрсетеді. Қалғандары таңның атысы, күннің батысы – бос. Киім-кешегі, ішіп-жемі тегін келетін осындай өмір салтына үйреніп алған. Бостандыққа шыққаннан кейін жұмысқа орналаса алмауына осы жайт та себеп болуы мүмкін. Әйтпесе, Қарағандыдағы жұмыспен қамту орталығы мамандарының дерегінше, 2 мың бос жұмыс орны бар екен.
Жансая ОМАРБЕК.