АймақПриозерск

Приозерскіде кәріз суын тазартатын станция іске қосылуға жақын

Приозерск қаласында тоғыз жыл бойы тоқтап тұрған кәріз суын тазартатын станцияның құрылысы биыл аяқталатын болды. Ол үшін республикалық бюджеттен қосымша 100 млн. теңге бөлінді.

Кәріз суын тазартатын станцияның құрылысы 2014 жылы басталып, жоспар бойынша 2017 жылы аяқталу керек-тін. Құрылыс жұмыстары үшін сол жылдары қазынадан 2 млрд. теңге бөлінген. Нысанға қажетті қондырғылардың басым бөлігі Еуропа елдерінен жеткізіледі. Алайда, валюта бағамы күрт өсіп, құрал-жабдықтардың бағасы шарықтап кеткен. Соның салдарынан жоба аяқсыз қалған болатын. Биыл жобалық-сметалық құжаттарға түзетулер енгізіліп, жоба қайта қаралды. Нәтижесінде, қосымша қаржы бөлінді.

– Биыл жобаға қосымша қаржы бөлінді. Іске қосу жұмыстарына дайындық жүргізілуде. Бұл жердегі негізгі мақсат қоршаған ортаны және санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды жақсарту. Қазір станция басында электр желілерін тартып, қондырғыларды іске қосу жұмыстары жүріп жатыр. Жыл соңына дейін нысан дайын болады. Бірақ, толық өндірістік қуатына келесі жылдың көктемінде шығады, – дейді жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ақан Жүсіпов.

Кәсіпорын тәулігіне 8 мың текше метр кәріз суын тазартады. Алдағы уақытта станция іске қосылса, осыдан шыққан тазартылған техникалық суды кейін қайтадан қалаға жіберіп, түрлі мақсаттарға пайдалануға болады.

– Далада аэроциядан өтеді де, кейін ультракүлгінге жібереміз суды. Ол жерде су ультракүлгінмен тазартылады. Бактерия жойылады. 14 мыңға жуық тұрғыны бар Приозерск қаласынан тәулігіне 7,5 мың текше метр қалдық су шығады. Әзірге оның барлығы ескі әдіспен іргедегі тоғанға құйылып жатыр. Осылайша қоршаған ортаға айтарлықтай зардабын тигізуде. Бұл станция іске қосылса, мәселе толық шешіледі, – деді станция басшысы Амантай Иманғалиев.

Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button