Приозерск жасыл қалаға айналуда
Приозерск қаласында санитарлық тазалық пен қоршаған ортаны қорғауға бағытталған жалпы қалалық сенбілік өтті. Игі шараға мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, білім беру ұйымдарының ұжымдары, ерікті жастар мен белсенді қала тұрғындары бір кісідей атсалысты.

Тазалық жұмыстары таңғы сағат 9:00-де басталып, кешке дейін жалғасты. Қатысушылар қаланың әр аумағына бөлініп, қоғамдық орындар мен саябақтарды, көше бойларын, тротуарлар мен аулаларды, сондай-ақ қаланың шеткері аумақтарын күл-қоқыстан тазартты. Нәтижесінде 22 тоннадан астам тұрмыстық қалдық шығарылып, тазалыққа 6 бірлік арнайы техника жұмылдырылды.
– Қала тазалығы күн тәртібінен түспейтін мәселе. Балқаш жағалауына арнайы қоқыс контейнерлері орнатылып, қоқыс арнайы мердігер мекемелер арқылы шығарылды. Экологияны жақсарту үшін 300 ағаш отырғызылып, қураған 300-ден астам ағаш кесілді, 2 500 ағаш әктелді, және шөп шабу жұмыстары жүйелі түрде жүргізілді. Бұл – жасыл желек пен қаланың табиғи көркін сақтау бағытындағы жұмыстарының бір бөлігі десек те болады. Алдағы уақыттарда бұл жұмыстардың ауқымын кеңейтеміз, – дейді Приозерск қаласы әкімінің орынбасары Ұлан Алмас.
Қала әкімдігі өкілдерінің айтуынша, бұқаралық сенбілік алдағы уақытта да дәстүрлі түрде жалғасын таппақ.
Нұрдос КӘРІМ,
«Ortalyq Qazaqstan»
ПРИОЗЕРСК