АймақПриозерск

Приозерск сайлауға дайын

Жаңа Қазақстан құрудағы тың бағыт ретіндегі аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін сайлау стратегиялық мәні айырықша саяси науқан. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көтерген бастаманы жүзеге асыру үшін еліміздің 45 аудан және облыстық маңызы бар қалада қанатқақты режимде сайлау өтеді. Ал, өңірімізде Ақтоғай және Осакаров аудандарының және Приозерск қаласының әкімдерін 5 қарашада халық өзі таңдайды.

 

Мәселен, Приозерск қалалық сайлау комиссиясының төрағасы Бекзат Сәрсембеков те 10 қазанда кандидаттарды тіркеу аяқталғанын айтады. Осы күннен басталған үгіт-насихат жұмыстары 4 қарашада аяқталады.

Жалпы, қала әкіміне үміткер ретінде 4 адам тіркелгенін айту керек. 4 кандидаттың біреуі – өз-өзін ұсынған. Ал, 3 кандидатты партиялар ұсынған. Мәселен, 1 кандидат «AMANAT» партия­сынан, ал, Respublica партиясынан және Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясынан бір-бір кандидаттан тіркелген.

– Кандидаттардың сайлау­шылармен кездесуі үшін арнайы үй-жай белгіленді. Атап айтқанда, төрт кандидат та Приозерск қаласындағы «Достық» балалар-жасөспірімдер орталығының акт залында сайлаушылармен кездесіп, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізеді. Сайлауалды бағдарламасымен таныстырады. Кездесу кестесін сайлау комиссиялары жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жасайтынын да айту керек. Ол міндетті түрде бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады, – дейді Бекзат Мұқсинұлы.

Комиссия төрағасы кандидаттардың үгіттік баспа материалдары да белгіленген орындарда ғана орналастырылатынын айтып отыр. Халықтың ел басқару ісі мен шешім қабылдау үдерісіне белсенді түрде араласуына жол ашатын саяси додадан тұрғындар толық мағлұмат алу үшін арнайы тақталар орналастырылған. Олар Приозерск қаласындағы Көкжиек, Балқаш, Кисунько, Пушкин және Бауыржан Момышұлы көшелеріндегі көрнекті жерлерде.

Бекзат Сәрсембеков сайлауға дайындық барысында комиссия­ның дайындық жұмыстарымен де бөлісті. Жалпы, қала бойынша, 62 комиссия мүшесі оқудан өткен. Ал, 6534 қала тұрғыны 5 қарашада өз таңдауын жасайды.

Сайлау өтетін үй-жайларды жабдықтау барысында мүмкіндігі шектеулі сайлаушыларға пандустар, одан бөлек, көру, есту қабілеті бұзылғандар үшін қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілгенін айтуда Бекзат Мұқсинұлы.

Айта кету керек, Приозерск қаласында 11 сайлау учаскесі бар.

Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button