АймақБас тақырыпБасты тақырыпПриозерск

Приозерск қаласында жаңа спорт нысаны пайдалануға берілді

Қала тұрғындары үшін маңызды оқиғаға айналған Приозерск қаласы спорт клубының салтанатты ашылу рәсімі жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Оған Қарағанды облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы, бокстан Лондон Олимпиадасының чемпионы Серік Сәпиев, қала басшысы, спортшылар қатысты. Салтанатты шара мазмұнды театрландырылған қойылыммен басталды. Қазақ даласының батырлық тарихы мен бүгінгі спорт рухы тоғысқан «Жеңіс жолы – ел мұраты» көрінісі көрерменге ерекше әсер сыйлады. Батырлар бейнесі, күйшілердің күмбірлеген күйі, бишілердің әсем қимылы мен жас спортшылардың қазақ күресі мен самбо элементтерінен көрсеткен өнері ел рухын асқақтатты.

Іс-шарада алғашқы құттықтау сөз Приозерск қаласының әкімі Мансұр Ахметовке берілді. Қала басшысы жаңа спорт клубының ашылуы жастардың спортпен кәсіби деңгейде айналысуына мүмкіндік беретін маңызды қадам екенін атап өтті. Сонымен қатар, спорт клубының директоры Айдар Садуакасовқа нысанның символикалық кілті салтанатты түрде табысталды. Сондай-ақ, халықаралық ареналарда ел намысын қорғап жүрген спортшылар марапатталды. Әбу-Даби қаласында өткен джиу-джитсудан әлем чемпионы, Мәскеуде өткен турнирдің екі дүркін чемпионы, Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері, AIGA грепплинг турнирлерінің бірнеше дүркін жеңімпазы Руслан Рустамовқа жоғары спорттық жетістіктері үшін 100 мың теңгелік қаржылай сертификат тапсырылды. Дүниежүзілік Гимназиада ойындарының күміс жүлдегері, Азия чемпионатының күміс және қола жүлдегері, жастар арасындағы Қазақстан Республикасының екі мәрте чемпионы, «Қазақстан Республикасының спорт шебері» атағының иегері Нұрсұлтан Қыстаубай 100 мың теңгелік қаржылай сертификатпен марапатталып, Қарағанды облысы спорт басқармасының басшысы Серік Сапиевтің қолтаңбасы қойылған былғары қолғап табысталды.

Спорт клубының ашылуына орай ұйымдастырылған қалалық волейбол турнирінде ІІІ орынды 44841 әскери бөлімінің «Тұлпар» командасы (50 мың теңге), ІІ орынды «№1 мектеп» командасы (70 мың теңге), ал І орынды Приозерск қаласы өрт сөндіру бөлімінің «Жалын» командасы (100 мың теңге) иеленді. Қалалық футбол турнирінде ІІІ орынға Приозерск қаласының заңгер-спорт комитеті орталық спорт клубы командасы (50 мың теңге), ІІ орынға осы мекеменің «Жастар» командасы (70 мың теңге) ие болды. Турнир жеңімпазы атанған Приозерск қаласы полиция бөлімінің «Динамо» командасы 100 мың теңгелік қаржылай сертификатпен, арнайы кубок және медальмен марапатталды. Жеке номинациялар бойынша «Үздік ойыншы» аталымы «Динамо» командасының ойыншысы Айтбек Нұрмағанбетке берілді. «Үздік шабуылдаушы» – Руслан Қаланбай, «Үздік қорғаушы» – Бағдат Нұрмұрат, «Үздік қақпашы» – Еркебұлан Алдиярұлы атанды. Сонымен қатар, бокс спортын дамытуға қосқан үлесі үшін Приозерск қаласының бокс үйірмесі 100 мың теңгелік қаржылай сертификатпен марапатталды. Ұлттық спортты дамытуға қосқан үлесі үшін Приозерск қаласының қазақ күресі үйірмесіне 200 мың теңгелік қаржылай сертификат табысталды.

Айта кетейік, жаңа нысан бұқаралық спортты дамытуға, жастарды салауатты өмір салтына баулуға бағытталған. Қазіргі таңда Приозерск қаласында 5 мыңға жуық тұрғын тұрақты түрде спортпен шұғылданады. Волейбол, футбол, бокс, дзюдо, қазақ күресі, самбо, үстел теннисі сынды спорт түрлері қарқынды дамып, жас спортшылар облыстық, республикалық және халықаралық жарыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізіп жүр.

Нұрдос КӘРІМ
«Ortalyq Qazaqstan»

ПРИОЗЕРСК

Басқа материалдар

Back to top button