Бас тақырыпПрезидент

Президенттік кадрлық резерв: жастарға – жаңа мүмкіндік

Бауыржан Момышұлының «Қиын сәтте тізгініңді босатпай, шапшаң да шебер қимылда» деген нақыл сөзі бар. Қиындық демей-ақ қоялық, бірақ, өзгермелі әлемде шапшаң әрі шебер қимылдау қажет-ақ. Оның әр жағында білімің мен білігіңнің болуы тағы бар. Бұл, әсіресе, басшылық, оның ішінде, мемлекеттік қызметте қажет қасиеттер. Кез келген мемлекеттің беделі оның мемлекеттік қызметшісіне байланысты болса, ел тізгініне ие болар келер буынның «әмбебап» болуы заңды. Осы орайда, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің қызметіне кірісер алдында Қазақстанды дамытуда жастардың қозғаушы әрі шешуші күшке ие екенін айтып, «Президенттің кадрлық резерві» жасақталатынын айтқан болатын.

ЖАСТАР КАДРЛЫҚ РЕЗЕРВІ ДЕГЕН НЕ?

 Мемлекет басшысы дарынды жастар үшін ашық және тиімді әлеуметтік саты құру туралы идеяны алға тартты. Жобада барынша даярланған және тәжірибелі жастар үшін мемлекеттік басқару және квазимемлекеттік сектор жүйесінде басшылық қызметке тұруға бірегей мүмкіндік ашу мақсаты көзделген. Мәселен, жоғары әкімшілік және саяси лауазымдарға бос орындар пайда болған жағдайда Президенттік жастар кадрлық резервінде тұрған тұлғалардың кандидатуралары қаралатын болады.

– Бұл ретте Президенттік жастар кадрлық резервіне қабылданған тұлғалар резервте тұрған кезеңде лауазымға міндетті түрде тағайындалады деп түсінбеу керек. Резервте тұрғандар ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында және оның филиалдарында одан әрі кәсіби және тұлғалық даму үшін оқыту курстары мен тренингтерден өту мүмкіндігіне ие болады, – дейді Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Талант Медет.

ТЫҢ БАСТАМА НЕ ҮШІН ҚАЖЕТ?

Тәуелсіздік алғаннан кейін қарқынды дамыған мемлекетіміз жаңа кезеңге өтті. Замана көшінен қалмау мақсатында, өміріміздің көптеген салалары жаңарып, іс-әрекеттің мүлдем бөлек, жаңа моделі қажет болды. Бұл, әлбетте, мемлекеттік қызметті де айналып өтпейді. Оның үстіне, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі биылғы «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің кепілі» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Қоғамдық диалог, ашықтық, адамдардың мұң-мұқтажына жедел назар аудару мемлекеттік органдар қызметінің негізгі басымдықтары саналады» деп, бұл саланы да түбегейлі болмаса да, біртін-біртін өзгерту қажеттігін меңзеді. Ал, өзгерісті неден бастау керек? Әрине, қазіргі министрлер, облыс, аудан, қала әкімдері, ұлттық компания басшыларының ізін басқан, билік басына солардан кейін келетін жастар буынына үлкен сенім артып, мемлекеттің тағдырын сеніп тапсыру.

«Меритократия мен ашықтық ұстанымдары арқылы мемлекеттік қызметке қабылдау – мемлекеттік аппарат жұмысы пен мемлекеттік қызмет беделін жақсартуға айтарлықтай ықпал етуге қабілетті жас мамандар қабылданады деген қорытынды жасауға мүмкіндік береді» дейді, мамандар.

РЕЗЕРВКЕ КІМДЕР ЕНЕДІ?

Шыны керек, «Жас келсе – іске» деп ауызымызды кере айтқанымызбен, бұл тәмсілдің іс жүзінде қолданыла қоймағаны анық. Жұмыс өтілі болмағандықтан, жақсы жұмыс жастардың түсіне де кірмеді. Тіпті, шетел асып, «Болашақ» бағдарламасымен білім алып келгендердің де жұмыс таппай, талай жердің табалдырығын тоздырғанын білеміз. Оның бер жағында, «көз қысты, бармақ бастымен» лайықты болмаса да, жақсы орында отыру бақытына ие болғандар бар.

Енді Президенттің кадрлық резервіне қабілеті жеткен кез келген жастың ілігу мүмкіндігі бар. Тек, білімің мен білігің, ұшқыр ойың, қиыннан қиыстырып, қиындықтан алып шыға алатын, сын тұрғысынан ойлай алатын ақылың болса болғаны. Оның үстіне, саясаткер Ерлан Саиров резервке ауылдық жерден шыққан мамандарды да тарту қажеттігін айтты. Шынымен де, нағыз қазақы менталитеті бар ауылдан шыққан жастың басқарушылық істе, оның ішінде мемлекеттік қызметтегі пайдасы шаш етектен болары анық.

ПРЕЗИДЕНТТІК РЕЗЕРВКЕ ІРІКТЕУ ҚАЛАЙ ЖҮРЕДІ?

Ең басты талап – үміткердің жасы 35тен аспауы, жоғары білімі және 5 жылдық жалпы жұмыс тәжірибесі. Іріктеуге қатысу үшін 2019 жылдың 1-30 қыркүйегі аралығында PKRezerv.kz сайтында тіркеліп, жеке кабинетті толығымен толтырып, жеке куәліктің көшірмесі, жоғары білім туралы дипломдардың көшірмесі, еңбек қызметін растайтын құжаттың көшірмесі және ұсыным хаттар жүктеледі. Ұсыным хаттарды үміткер жұмыс істейтін немесе жұмыс істеген ұйымның басшысы, ұлттық компания, ұлттық холдинг, ұлттық даму институты басқармасының төрағасы немесе оның орынбасары, мемлекеттік саяси қызметші, орталық атқарушы органның жауапты хатшысы, орталық немесе жергілікті мемлекеттік орган аппаратының басшысы, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің, Сенатының депутаты, облыстық мәслихат хатшысы бере алады. Құжаттар www.pkrezerv.kz сайтында қабылданады. Ресми деректер бойынша қазірдің өзінде 3 мыңға тарта үміткер тіркелген.

Айта кету керек, тестілеу кезеңінде үміткердің ең алдымен қабілетіне жете мән беріледі. Жоғары нәтижеге қол жеткізгендер келесі кезеңге өтеді. Одан кейін – әлеуеті бағаланып, кейін жоба қорғауға жіберіледі. Ал, бұл сыннан да сүрінбей өткендер, эссе жазатын болады. Қарап тұрсаңыз, еш қиындығы жоқ. Тест тапсыру, жоба қорғау және эссе жазу сияқты тапсырмаларды қазіргі жастар мектеп қабырғасында да, жоғары оқу орнында жүргенде де талай орындап, көздері қарақты болған.

Ал, үміткерлердің құзіреттерін «Aссecмент Орталық» (Assesment Center) әдісі бойынша сарапшылар жүзеге асырады. Осы кезеңнен өту үшін үміткерлер кестеге сәйкес белгіленген уақытта Бағалау орталығына уақытылы келуі қажет. Accecмент Орталықтан өту мүмкіндігі бір рет қана Нұр-Сұлтан қаласында болады. Ал, Президенттік жастар кадрлық резервіне қабылдау туралы нәтижелер үміткердің жеке кабинетінде жарияланады.

Нұркелді ОМАРХАНОВ, Президенттік жастар кадрлық резервіне үміткер:

 – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы ұлықтау рәсімінде жастарға, оның ішінде жас мамандарға үлкен сенім артатынын айтып, Президенттік жастар кадрлық резервін құру туралы тапсырма берді. Бұл – жастар үшін жақсы мүмкіндік. Мен де құжаттарымды тапсырып, бағымды сынап көруге бел байладым.

ТҮЙІН

Президенттің жастар резервін құру бір күнде пайда болған дүние емес. Айта кету керек, бұған дейін де елімізде құқық қорғау органы саласында осындай тәжірибе енгізіліп, өзінің жетістігін де берген. Ендігі кезекте – мемлекеттік қызметте мықты әрі өзгермелі әлемде кез келген жағдайға бейімделуге қабілетті жастар қатарынан әлеуетті кадр жасақтау. Президенттің игі бастамасы жастарға жол ашумен қатар, еліміздегі кадр саясатын да оңтайландырмақ. Тек, қабілетің мен қарымың жетсе болғаны.

Бұл тәжірибе көршілес Ресейде, Кореяда және АҚШ-та да қолданылатынын айту керек. Президенттік жастар резерві жасақталар болса, қоғамның дамуына ықпал етер лауазымды орындарға білікті жастардың келеріне сенім мол. Біздің бағамдауымызша, Президенттің де көздегені – осы.

Салтанат ІЛИЯШ

Басқа материалдар

Back to top button