Жаңалықтар

Президенттің қазақ тілі эндаумент қорына салған үлесі 100 есе өсті

Бүгін елордада Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының жылдық қорытынды құрылтайы өтті. Жиынға Президенттің көмекшісі – Баспасөз хатшысы Руслан Желдібай, Парламент депутаттары, қоғам мүшелері, өңірлік филиал өкілдері мен демеушілер қатысты.

Суреттер ұйымдастырушылардан

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Рауан Кенжеханұлы атқарылған жұмыстарды таныстырып, соңғы жылдары қазақ тілін қолдау бағытында айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілгенін атап өтті. Соңғы үш жылда 60-тан астам іс-шара ұйымдастырылса, биылдың өзінде аймақтық, республикалық және халықаралық деңгейде 25-ке жуық маңызды бастама жүзеге асқан.

Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай академиялық жинағы қазақ, ағылшын, орыс және қытай тілдерінде жарық көрді. Сонымен қатар бірқатар рухани құндылықтарға арналған кітаптар аударылып басылып шықты.

Disney және Pixar студияларының бірнеше танымал фильмі қазақ тіліне дубляждалып, прокатта рекордтық көрсеткіштерге жетті. Мәселен, «Аңдар шаһары 2» мультфильмі алғашқы аптада Қазақстан мен Орталық Азиядағы жалпы табыстың 15,5 пайызын қазақша нұсқа есебінен жинады.

Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдеріне әдістемелік қолдау көрсету жұмысы жалғасып, Алматы, Қарағанды және Абай облыстарында өткен форумдарға 2000-ға жуық педагог қатысты.

Биыл «Ана тілі» республикалық зияткерлік олимпиадасы алғаш рет ұйымдастырылып, оған 5000 оқушы қатысты. Ақтық сынға 64 команда өтіп, жеңімпаз 8 оқушыға жетекші университеттердің гранттары табысталды. «Жарқын болашақ» шығармашылық олимпиадасында да үздік оқушылар грант жеңіп алды.

Til.kz платформасындағы «Жаңа сөз» жобасы жаңа ұғымдарға ұлттық балама қалыптастыруды көздейді. Ал «Жыл сөзі – 2025» бастамасы қоғамда кең қолданылған сөздерді анықтап, биыл «жасанды интеллект» ең жиі айтылған сөз ретінде танылды.

«Ұлттық диктант» жобасына онлайн және офлайн форматта 300 мыңға жуық азамат қатысты.

Мемлекет басшысының АҚШ-қа сапары кезінде «Қазақ тілі» қоғамы мен OpenAI компаниясы ChatGPT-дің қазақ тіліндегі мүмкіндіктерін кеңейту жөнінде келісім жасады. Жоба қазақ тіліндегі деректер базасын көбейтуге, модельдердің дәлдігін арттыруға және сапалы контент интеграциялауға бағытталған.

2023 жылы құрылған Endowment қорына Мемлекет басшысының алғашқы қолдауынан кейін кәсіпкерлердің қосқан үлесімен 700 млн теңгеден астам қаражат жиналды. Қордың негізгі қаржысы жұмсалмайды, ал биылғы үстеме табыс 80 млн теңгені құрады. Бұл қоғамның қаржылық тұрақтылығын күшейтті.

Қоғам мүшelerine арналған Qazaq Tili Qogamy мобильді қосымшасы іске қосылып, қатысушыларға жеңілдіктер мен KITAP платформасына тегін жазылым ұсынылды. Жазылымнан түскен қаржы тіл жобаларын дамытуға жұмсалады.

Құрылтайда филал төрағаларын сайлау ережелері, марапаттар жүйесі және Endowment қорының қызметі таныстырылды. 2026 жылға арналған жоспар аясында қазақ тілін оқыту сапасын арттыру, оқу сауаттылығын күшейту, бизнес, IT және қоғамдық салада қазақ тілінің қолданысын кеңейту, сондай-ақ қазақ тілді контентті цифрлау жұмыстары басты бағыт ретінде белгіленді.

Жамал АКПАРОВА

Басқа материалдар

Back to top button