Президенттен сыйлық – автобус
Қарағанды аймағына жұмыс сапары барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кеншілер мекенінің өндірістік дамуы өзінің ұдайы бақылауында болатынын жеткізді. Алып өндіріс «Qarmet» АҚ-ының байырғы даңқы қайтып ораларына зор сенім білдірді. Жыл сайын келіп, өндірісті өлкенің тыныс-тіршілігін көзімен көретінін мәлімдеді. Президенттің бұл сапары кезінде өңірдің әлеуметтік дамуы да назардан тыс қалмады. Бірқатар кәсіпорындармен қатар, білім берудегі, мәдениет саласындағы кей нысандарға да ат басын бұрған болатын. Олардың қатарында «Кәусар» оқушылар сарайы және Нұра ауданы Шахтер ауылындағы Мәдениет үйі бар. Осы екі әлеуметтік нысанға Президент автобус тарту етті. Жаңа автобустар – Саран қаласындағы QazTehna зауытының өнімі.
«Кәусар» оқушылар сарайы Қарағанды қаласының Пришахтинск аталған бөлігінде ашылып, Балалар күнінде балдырғандар игілігіне табысталған еді. Сарайда IT-технологиялар, инженерия, робототехника, VR-сәулет және веб-дизайн, сондай-ақ, басқа да көптеген заманауи бағыттарда үйірмелер жұмыс істейді. Сарай 600 оқушыны қабылдай алады.
Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі балаларға да жағдай қарастырылған. Сенсорика және моториканы дамытуға арналған көптеген құрылғылар бар екенін атап өткен абзал. Инклюзивті оқыту үшін барлық жағдай жасалған. Енді балалар сарайының өз шәкірттерін түрлі байқауларға тасымалдауға мүмкіндік беретін автобусы бар.
«Кәусар» оқушылар сарайының директоры Әйгерім Исбекова Президент тартуының зор сый екенін атап, балалар қажеттілігін өтеуге дер кезінде келген сияпат дейді.
– Мемлекет басшысы тосын сый жасады. Балалар енді бұл көлікпен конкурстарға, концерттерге, экскурсияларға және басқа да шараларға еркін бара алады. Оқушылар сарайы қаланың Пришахтинск бөлігінде орналасқандықтан қала орталығына қатынау қиындық тудыратыны рас-тын. Шындығында, көлік бізге аса қажет еді. Сондықтан, бұл біз үшін өте бағалы әрі қажет сыйлық. Дән ризамыз, – деді Әйгерім Исбекова.
Нұра ауданы Шахтер ауылының Мәдениет үйі де сыйға автобус берілгеніне қуанышты. Бұған дейін мәдениет ошағының көлігі болмаған. Ал, Президенттің сыйлығы Мәдениет үйінің мұқтаждығын өтейді.
– Көлікті қажет ететін байқауларға бұдан былай алаңсыз барамыз. Өте қуаныштымыз. Ауылымыздың Мәдениет үйінде жеті көркемөнерпаздар ұжымы жұмыс істейді. Жүзге жуық жастар мен жасөспірімдер шығармашылықпен айналысады, – деді Нұра ауданы мәдениет үйінің директоры Әділбек Құмар.
Сонымен қатар, Шахтер ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешені бар. Бұл автобус алдағы уақытта спортшыларды да жарысқа тасымалдайтын болады.
Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысы 14 тамызда Қарағанды облысына жұмыс сапарымен келген болатын. Сапар барысында, жоғарыда атап өткеніміздей, өңірдегі өнеркәсіп және индустриялық кәсіпорындардың, әлеуметтік нысандардың қызметімен танысты.
Қызғалдақ АСҚАРҚЫЗЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»