Бас тақырыпРесми

Президент: «Қыз алып қашу – адам ұрлау деген сөз»

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылорда қаласында Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысы барысында айтты.

Сурет Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шымкент қаласында 21 жастағы студент Нұрай Серікбайдың қаза табуына байланысты пікір білдірді. Президент Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратура басшылығына қалалық полиция департаментінің әрекеттеріне құқықтық баға беруді тапсырды.

– Шымкентте Нұрай есімді бойжеткеннің кісі қолынан қаза болуы бүкіл елді дүрліктірді. Ұлттық құрылтайға осы оқиға бойынша 130-дан астам өтініш келіп түсті. Күдіктінің Нұрайды аңдып, маза бермей, қоқан-лоқы көрсеткені анықталып отыр. Ақыры, мұның арты адам өліміне әкеп соқтырды. Осыған байланысты Ішкі істер министріне Шымкент қалалық департаментінің әрекетіне құқықтық баға беруді тапсырдым. Бас прокурор да бұл мәселені мұқият тексереді. Қыз алып қашу – адам ұрлау деген сөз, бұл – ұлтымыздың беделіне нұқсан келтіретін өрескел, жабайы қылмыс. Ондай қатігездікке ешқашан жол беруге болмайды. Жыл өткен сайын халықтың сана-сезімі өсіп, қоғамда азаматтық жауапкершілік деңгейі артып келеді. Заңнамалық өзгерістер де соған сай болуы өте маңызды. Заң мен тәртіп – бәріне ортақ. Еліміздің әрбір азаматы заң талаптарын бұлжытпай орындауға тиіс, – деді Мемлекет басшысы.

Естеріңізге сала кетейік, 11 қаңтарда Шымкентте 21 жастағы қыз пышақ жарақатынан қаза тапқан еді. 28 жастағы күдікті қазіргі уақытта уақытша ұстау изоляторында отыр. 

Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА

Басқа материалдар

Back to top button