Президент Парламент жұмысына оң баға берді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ana tili» газетіне берген сұхбатында Парламент сайлауының мерзімінен бұрын өтпейтінін айтты.
– Меніңше, Парламент сайлауын мерзімінен бұрын өткізуге әзірге еш негіз жоқ. Сайлау заңда белгіленген мерзімдерге сәйкес өтеді. Парламент өзіне тиесілі мерзім аясында қызметін атқаруға құлықты. Біздің елде жаңа Үкімет жұмысына кіріскен бетте оның отставкаға кететіні туралы әңгіме тарайды. Парламент туралы да дәл солай деуге болады. Мен Парламент депутаттары азаматтық және саяси жауапкершілік танытып, жақсы жұмыс істеп жатыр деп ойлаймын. Ал Үкімет – ауыс-түйіске бейім құрылым. Оның құрамында түрлі жағдайға, оның ішінде «AMANAT» партиясының және Парламенттегі басқа да партиялардың ұстанымына байланысты өзгерістер болуы мүмкін.
Ал Үкімет бекітілген бағдарламалар мен жоспарларға сәйкес әрекет етіп, оң нәтижеге жету үшін жұмыс істеп жатыр. Стратегиялық міндет – тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуды қамтамасыз ету, еліміздің өңірдегі көшбасшы мәртебесін нығайту, – деді Мемлекет басшысы.
Материалды әзірлеген Ербол ЕРБОЛАТ.