Президент отандық кино туралы: Санға емес, сапаға көңіл аударуымыз керек
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бурабайда өткен Ұлттық құрылтай отырысында фильмді кинотеатрға шығармас бұрын алдын ала сүзгіден өткізу жолдарын қарастырған жөн екендігін айтты.

– Тағы бір түйткіл – қазір кинотеатрда көрсетілетін фильмдерге қатысты қоғамдық сын бар. Былтыр қазақстандық мамандар түсірген 94 фильм шыққан, яғни, негізінен өзіміздің өнім шығарылып жатыр. Бұл – жақсы үрдіс. Бірақ біз ең алдымен санға емес, сапаға көңіл аударуымыз керек. Көрерменнің көңілін көтеріп, күлкі сыйлау – бір бөлек, жағымсыз әдеттерді насихаттау – бір басқа. Зорлық-зомбылықты, қатыгездік пен қылмысты насихаттайтын фильмдер де пайда болды. Осы жерде бір нәрсені ескерген жөн. Бүгінде фильмдердің басым көпшілігі мемлекеттік тапсырыспен емес, жеке қаржыға түсірілуде. Кино маңызды идеологиялық құрал екенін бәріміз жақсы түсінеміз. Сондықтан жеке қаржыға түсірілсе де, фильмді кинотеатрға шығармас бұрын алдын ала сүзгіден өткізу жолдарын қарастырған жөн, – деді Президент.
Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА