Президент оңтайлы шешім шығарды
Көптің көкейінде жүрген шетелдік көліктердің мәселесіне қатысты ел Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ оңтайлы шешім шығарды. Осыған байланысты құзырлы орындарға нақты тапсырмалар берді. Атап айтқанда, 2021 жылдың 1 наурызына дейін шетелдік нөмір таққан автокөліктер ел заңнамасына сәйкес Ішкі істер министрлігінің тіркеуіне алынуы тиіс. Оған дейін көліктер уақытша тіркеуге тұрғызылады.
«Біздің азаматтар Ресей мен Қырғызстаннан сенімхат арқылы автокөлік сатып алады. Кейін автокөліктерін елде тіркемей жүреді. Азаматтар Қазақстанның заңнамасын бұза отырып, Арменияда техникалық құжат рәсімдейді. Елге жеткізілген автокөліктердің басым бөлігі есепке алынбайды. Осыған байланысты Бас прокуратураға қалыптасқан жағдайға құқықтық баға беруді тапсырамын!» – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев. Мемлекет басшысы Үкіметке бір айдың ішінде Қазақстан азаматтарының ЕАЭО елдерінен 2020 жылдың 1 ақпанына дейін әкелген көліктерін уақытша тіркетуді тапсырды. «Бұл көліктердің тіркелуі 2021 жылдың 1 наурызына дейін күшінде болады. Мұндай көліктер техникалық регламенттің талаптарына сай болуы керек. Сондай-ақ, тіркеу сомасы мен мемлекеттік бажды төлеуі тиіс. Уақытша тіркеу бір қолдан екінші қолға сатылғаннан кейін жасалмауы керек. 2021 жылдың 1 наурызына дейін автокөлік иелері көліктерін тұрақты тәртіпте тіркеп, кедендік баж бен утилизациялық соманы төлеуі тиіс. Болмаса ол көлікті елден шығаруы немесе заңнамамен тыйым салынбайтын басқа да амалмен мәселесін реттеуі қажет. Үкіметке Қазақстанның заңнамасына қайшы келетін көліктерді бұдан былай кіргізбеуді және пайдалануға шектеу қою шараларын қолға алуды тапсырамын» – деді Президент.
Өз тілшімізден.