Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев Осакаров ауданына барды
Мәлік Отарбаев Қарағанды облысына жасаған іссапар аясында Осакаров ауданына барып қайтты. Сапар барысында облыс әкімінің орынбасары Ерлан Құсайынмен бірге аудандық ауруханаға барып, аурухана жағдайымен танысты. Сонымен қатар, мектебіне де арнайы барды. Қоғам белсенділерімен де кездесті.
Бүгінде Осакаров ауданының орталық ауруханасында 500-ден аса қызметкер жұмыс істейді. Аурухана күрделі жөндеуден өткен. Әрі жаңа медициналық аппараттармен жабдықталған.
– Бізде жедел жәрдем көлігінен тапшылығы жоқ. Ауруханада жедел көмек көрсету пункті де жұмыс істеп тұр. Аурухана жол бойында орналасқандықтан, жол апатына түскен жолаушыларды бірден осы пунктке жеткіземіз. Аурухана дәрігерлері басқа аудандық, қалалық, республикалық ауруханаларға барып, тәжірбе алмасып келеді, – деді аудандық аурухана басшысы Ольга Травнева.
Сонымен қатар, Мәлік Отарбаев А.Бөкейханов атындағы тірек мектебінің тыныс-тіршілігімен танысып қайтты. Бұл мектептің ірге тасы 2015 жылы қаланған. Бүгінде білім беруге барлық жағдай жасалған.
– Жаңа IT кабинеті, студия, қыздарға және ер балаларға арналған технология кабинеті бар. Жасалған жағдайдың арқасында 700-ден жоғары оқушыға білім алалы, – деді мектеп директоры Мара Ақмағамбетова.
Іссапар соңында Мәлік Отарбаев Осакаров ауданының қоғам белсенділері және ұстаздарымен кездесті.
– Әуелі сіздерге Мемлекет басшысының сәлемін жеткізгім келеді. Іссапарымның басты мақсаты Президенттің «Адал адам – адал еңбек – адал табыс» атты ұлттық құрылтайында берген тапсырмаларын талқылау, – Президент кеңесшісі.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz