Жаңалықтар

Президент Кеңесшісі Мәлік Отарбаев Қарағанды облысына жұмыс сапарымен келді

Президент Кеңесшісі Қарағанды қаласында «AMANAT» партиясының облыстық филиалы базасында облыстық басқарма басшыларының, қала мен аудан әкімдерінің орынбасарларының, сондай-ақ ауылдар мен кенттердің әкімдерімен кездесті.

Суреттерді түсірген Александр Марченко

Жолдауда айтылған тапсырмаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылауға арналған кездесу өткізді.

Кездесу барысында Мемлекет Басшысының «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті міндеттер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында қойылған міндеттердің орындалу барысы қаралды.

Президент Кеңесшісінің жұмыс сапары мазмұнды әрі нәтижелі өтті. Кездесулер қорытындысы бойынша аудан және қала әкімдіктеріне халықпен, жастармен және азаматтық қоғам институттарымен жұмысты жетілдіру жөнінде нақты ұсыныстар берілді.

 

Президент Кеңесшісі Мәлік Отарбаев Қарағанды облысына жұмыс сапары аясында Қарағанды индустриалды университетінде жастармен кездесті. Оқу орнына жиылған аймақ жастарымен пікір алмасып, Президенттің биылғы «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауының айқын басымдықтарын талқылады.

Кездесу барысында Қарағанды индустриалық университетінде, Е. Бөкетов университеті мен Ә.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде, сондай-ақ, Теміртау жоғары политехникалық колледжінде Мемлекет басшысының тапсырмасымен жасанды интеллект негізінде қолға алынған бастамалар таныстырылды.

Сондай-ақ, Президент тапсырмасы аясында дарынды ауыл жастарын анықтау мен қолдау, кәсіби білім беру және әлеуметтік мүмкіндіктерге қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында облыста бастау алған «Ұлт қазынасы» жобасы жайлы сөз болды. Аталмыш жобаның менторы, Теміртау «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының жетекшісі Мирас Ербол жоба адами капиталды дамытуға, экологиялық мәдениетті қалыптастырып, цифрлық мүмкіндіктерді игеруге және жастардың белсенділігін арттыруға бағытталғанын атап өтті. Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев Жолдау — мемлекеттік маңызы бар құжат екенін айта келіп, Қарағанды облысына арнайы келуінің мақсаты — Жолдаудың саяси астарына үңіліп, идеологиялық мән-маңызын ашу екенін айтты.

– Саяси тұрғыда маңызды жайттарды жастарға түсіндіру өте маңызды. Өз Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканы, мемлекеттік басқару жүйесін және әлеуметтік саланы дамыту үшін цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектті пайдалануға бағытталған кешенді реформалар бағдарламасын ұсынды. Менің ойымша, бұл Жолдау негізінен жастарға арналды деуге болады. Себебі, жастар жасанды интеллект пен цифрландырудың не екенін жақсы түсінеді, қабылдайды, – деді Мәлік Отарбаев.

Кеншілер мәдениет сарайында Қазақстан Республикасы Президентінің Кеңесшісі Мәлік Отарбаевтың облыстың зиялы қауымымен кездесуі өтті. Шарада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауының негізгі бағыттары талқыланды. Кездесу дастархан басында еркін форматта ұйымдастырылып, ашық пікір алмасу түрінде өтті. Қатысушылар ұлттық идеологияны қалыптастыру, мәдениетті дамыту, ауылдың әлеуетін арттыру сынды өзекті тақырыптар бойынша ұсыныстарын білдірді.

“Қоғам мәдениетін, білімін арттыру – ұлттық идеологияның өзегі. Бұл бағытта әрбір азаматтың белсенді болуы маңызды”, – деді Мәлік Отарбаев.

Кездесуде облыстық мәдениет және өнер саласының өкілдері, жазушылар мен ардагерлер сөз сөйледі. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Қойлыбай Асан өз ойымен бөлісіп, мәдени мұра мен шығармашылық бастамаларды қолдаудың маңыздылығын атап өтті. Ал айтыскер Айтбай Жұмағұлов ауыл өміріндегі қиындықтар мен әлеуметтік мәселелерге тоқталды.

“Ауылды сақтап қалу үшін мемлекет барлық күшін салуы керек. Ауылдағы мәдениетті көтермей, елдің рухын көтеру қиын”, – деді.

Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев бүгін Абай ауданының тұрғындарымен кездесті. Аудандық Мәдениет үйінде болған кездесуде Мемлекеттік Әнұранымыз орындалып, оны ашып, жүргізіп отырған облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей бұл жүдесудің мақсаты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтің Қазақстан халқына биылғы Жолдауын халық арасында кеңінен насихаттап, түсіндіру екенін айтты.

Кездесуде Абай ауданының әкімі Сәбит Оспанов өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндама жасап, аудандағы “Шанс” шаруа қожалығының басшысы, облыстық мәслихаттың депутаты, Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық бөлімшесі төрағасының орынбасары Игорь Жабяк, аудандық Аналар кеңесінің төрағасы Перизат Әбілдина Жолдауға қолдау білдіріп, оны жүзеге асыруда атқарылып жатқан шаруаларға тоқталды. Ал Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев сөйлеген сөзінде осы Жолдауға жан-жақты талдау жасап, сонда айтылғандай, енді осы үш жылда елімізді цифрлық мемлекетке айналдыру үшін халық болып күш-жігерімізді жұмсауға шақырды.

Мазмұнды өткен жүздесу барысында аудандық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Нұрлан Адашев пен Топар кентінің тұрғыны Айнаш Асқартегі Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаевқа мағыналы әңгімесі үшін алғыс айтып, Айнаш Асқартегі өзінің “Айнаның түсі” атты кітабын оған сыйға тартып,ескерткіш суретке түсті.

Шет ауданына Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев пен Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей арнайы жұмыс сапарымен келді. Сапар аясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты халыққа Жолдауында жүктелген міндеттерді өңірде іске асыру барысы талқыланып, ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері сараланды.

– Президент тапсырмасы – ел өмірін өзгертетін нақты бағдар. Сондықтан, оны орындау – әр өңірдің, әр ауданның тікелей жауапкершілігі. Шет ауданындағы істер – бастамалардың жергілікті деңгейде нақты жүзеге асып жатқандығы көңіл қуантады, – деді Мәлік Нұржанұлы.

Аудан басшысы инфрақұрылым және әлеуметтік салада серпін барлығын жеткізді. Жолдауда айтылған міндеттер қатарында өңірлік инфрақұрылымды жаңғырту мәселесі де бар. Бұл бағытта аудан бойынша 7 елді мекенде жол жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 5 ауылға ауыз су тартылды. Ақсу-Аюлыда кәріз жүйесі құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Электр желілері коммуналдық меншікке өтіп, 435 млн теңгеге қайта жаңғыртылуда. 2024 жылдың соңына дейін 116 отбасы баспанамен қамтылмақ.

Оның ішінде Красная Поляна ауылында 6 отбасы жаңа пәтер кілтін алады. Мәдениет пен спорт саласында 1,3 млрд теңге игеріліп, бірнеше мәдениет үйлері жөнделіп, Ақсу-Аюлыда жабық бассейн құрылысы қолға алынған. – Биыл аудандағы 6 мектеп күрделі жөндеуден өтті. С.Сейфуллин мен Ақсу-Аюлы елді мекендерінде 300 орындық жаңа мектептердің құрылысы жүргізілуде, – деді аудан басшысы. Ақадыр кентіндегі Ю.А. Гагарин атындағы мектеп-лицей директоры Гүлдәрия Түсіпова өз сөзінде әкім сөзін нақтылай түсті. Биыл «Ең үздік ауыл мектебі» атануы ұстаздар қауымының кәсіби біліктілігі мен бірлігі білім саласындағы жетістіктің негізі екенін айтты.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаевтың ауданға сапары – Жолдаудағы бастамалардың жергілікті деңгейде жүзеге асуын бақылап, халықпен тікелей пікір алмасуға мүмкіндік берген маңызды іс-шара болды.

Жиын барысында айтылған ұсыныстар мен нақты нәтижелер Шет өңірінің дамуында оң серпін бар екенін көрсетті.

Жәлел ШАЛҚАР,

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ,

Ерік НАРЫН,

Ержан ИМАШ,

Нұрдос КӘРІМ

Басқа материалдар

Back to top button