Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев Қарағандыға іссапармен келді
Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Қарағанды облысына ресми іссапармен келді. Іссапар барысында Мемлекет басшысының кеңесшісі аймақтағы зиялы қауым өкілдерімен, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелерімен және дарынды, белсенді жастармен кездесті.
Сонымен қатар, кеншілер шаһарындағы отбасын қолдау орталығына ат басын бұрды. Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаевтың Атырауда өткен Ұлттық Құрылтайдың үшінші отырсында көтерген мәселелерін жан-жақты талқылады.
Президент кеңесшісінің Қарағандыдағы жұмыс күні Достық үйінен басталды. Достық үйіне Қарағанды облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелері мен қоғам белсенділері және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері жиналды.
Содан кейін Мәлік Отарбаев аймақтағы белсенді жастармен кездесті. Облыс әкімінің орынбасары Ерлан Құсайын модератор болған жиында кәсібін дөңгелетіп, көпке үлгі болып жүрген кәсіпкер жастар, ғылым жолына түсіп, жетістікке жеткен жас ғалымдар өз ойларын ортаға салды. Мәлік Отарбаев Президенттің Ұлттық Құрылтайда сөйлеген сөздері толықтай ел болашағы жастарға арналғанын айрықша атап өтті.
Облыс әкімінің орынбасары Ерлан Құсайын болса, өз саласында үздік атанып, қоғам дамуына үлес қосып жүрген жастарды жеке-жеке атап, Президент кеңесшісіне таныстырды. Мәлік Отарбаев жастар тарапынан айтылған ілкімді ұсыныстар ескерусіз қалмайтынын жеткізді.
Белсенді жастардан соң Мәлік Отарбаев облыстың имамдарымен кездесті. Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық Құрылтайда дәстүрлі дініміздің бүгінгі ахуалына қатысты айтқан сөздері талқыланды.
Ұлттық Құрылтайда қоғамда белең алып тұрған отбасындағы зорлық-зомбылықты біржола тыю мәселесі де көтерілген еді. Бұл тақырып төңірегінде әңгіме Қарағандыдағы отбасын қолдау орталығында өрбіді. Орталықтың жұмысы да таныстырылды.
Мәлік Отарбаев Алаштың біртуар перзенті Әлімхан Ермековтің басына зиярат етті.
Іссапардың бірінші күні Қарағанды академиялық музыкалық тетарында түйінделді. Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі композитор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, КСРО халық әртісі Сыдық Мұхамеджановтың 100 жылдығына орай сахналанған «Айсұлу» операсын тамашалады.
Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz