Президент Кеңесшісі қарағандылық жастардың пікіріне құлақ түрді
Президент Кеңесшісі Мәлік Отарбаев Қарағанды облысына жұмыс сапары аясында Қарағанды индустриалық университетінде жастармен кездесті. Оқу орнына жиылған аймақ жастарымен пікір алмасып, Президенттің биылғы «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауының айқын басымдықтарын талқылады.

Аталған жиынға облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей, Қарағанды өңірлік университеттердің өкілдері, колледж басшылары, жастар ұйымдарының басшылары және студент жастар қатысты.
Кездесу барысында облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей сөз сөйлеп, бұл жиын жастардың ұсынысына құлақ асатын, көкейкесті идеялар ұсынатын маңызды алаң екенін айтты. Билік шешім шығару үшін жастарға тың көзқарас қажеттігі туралы ойын ортаға салды.
– Облыс бойынша жыл сайын шамамен 15 мыңға жуық жас азамат өңіріміздің қоғамдық-саяси өміріне белсенді араласады. Соңғы жылдары жастар саясатын дамыту мақсатында өңірімізде бірнеше Жастар үйі салынып, Жастар сарайы ашылуда. Мұның жарқын мысалы – бір жарым жыл бұрын Теміртауда ашылған Жастар үйі. Мұндай жобалар облысымыздың барлық аймағын қамтымақ. Бүгін мен барша жасты осы іске белсенді қатысуға, осы сәтті пайдаланып, өз идеялары мен ұсыныстарын ашық айтуға шақырамын. Сіздермен бірге тың жобаларды жүзеге асыруға дайынбыз, – деді Әлібек Әлденей.
Кездесу барысында Қарағанды индустриалық университетінде, Е. Бөкетов университеті мен Ә.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде, сондай-ақ, Теміртау жоғары политехникалық колледжінде Мемлекет басшысының тапсырмасымен жасанды интеллект негізінде қолға алынған бастамалар таныстырылды. Сондай-ақ, Президент тапсырмасы аясында дарынды ауыл жастарын анықтау мен қолдау, кәсіби білім беру және әлеуметтік мүмкіндіктерге қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында облыста бастау алған «Ұлт қазынасы» жобасы жайлы сөз болды. Аталмыш жобаның менторы, Теміртау «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының жетекшісі Мирас Ербол жоба адами капиталды дамытуға, экологиялық мәдениетті қалыптастырып, цифрлық мүмкіндіктерді игеруге және жастардың белсенділігін арттыруға бағытталғанын атап өтті.
Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев Жолдау — мемлекеттік маңызы бар құжат екенін айта келіп, Қарағанды облысына арнайы келуінің мақсаты — Жолдаудың саяси астарына үңіліп, идеологиялық мән-маңызын ашу екенін айтты.
– Саяси тұрғыда маңызды жайттарды жастарға түсіндіру өте маңызды. Өз Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканы, мемлекеттік басқару жүйесін және әлеуметтік саланы дамыту үшін цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектті пайдалануға бағытталған кешенді реформалар бағдарламасын ұсынды. Менің ойымша, бұл Жолдау негізінен жастарға арналды деуге болады. Себебі, жастар жасанды интеллект пен цифрландырудың не екенін жақсы түсінеді, қабылдайды, – деді Мәлік Отарбаев.
Жиын барысында аймақ жастары пікір алмасып, салаларды дамытуда бірқатар ұсыныстарын жеткізді.
Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ