Бас тақырып
Президент көтерген бастамалардың өңірімізде сапалы іске асуына мүдделіміз
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың V отырысында сөйлеген сөзі еліміздің қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық және рухани дамуының алдағы кезеңіне арналған нақты әрі жүйелі бағдарды айқындады. Қасиетті Сыр өңірінде өткен бұл алқалы жиынның маңызы айрықша.
Президент өз сөзінде Қызылорда облысының соңғы жылдардағы даму қарқынына жан жақты тоқталып, өңірде іске асырылып жатқан ірі инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобаларды атап өтті. Атап айтқанда, экономиканың өсімі, инвестиция көлемінің артуы, энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін жаңа жылу электр орталығының іске қосылуы, тұрғындарды сапалы ауыз сумен және көгілдір отынмен қамту, автокөлік жолдары мен әуе және теміржол инфрақұрылымының жаңғыртылуы өңірдің әлеуетін арттыруға бағытталған нақты нәтижелер екені айтылды.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қызылорда облысында білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларында атқарылып жатқан жұмыстарға жоғары баға берді. Жаңа мектептер мен медицина нысандарының салынуы, көпбейінді аурухана, емхана және перзентхана құрылысының басталуы – халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадамдар.
Президент өз сөзінде Арал теңізі мәселесіне ерекше тоқталып, Солтүстік Аралды сақтап қалу бағытында атқарылған жұмыстардың нәтижесін атап өтті. Алдағы кезеңде Көкарал бөгетін биіктету арқылы Кіші Аралдағы су көлемін арттыру көзделіп отыр. Бұл ретте су ресурстарын тиімді әрі әділ пайдалану көрші мемлекеттермен өзара келісім мен су дипломатиясын талап ететін ортақ міндет екені баса айтылды.
Ұлттық құрылтайдың ел өміріндегі рөліне тоқталған Мемлекет басшысы соңғы төрт жылда Құрылтай алаңында көтерілген ұсыныстардың негізінде бірқатар маңызды заңнамалық өзгерістер қабылданғанын атап өтті. Әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау, заң мен тәртіп қағидатын нығайту, зиянды әдеттерге қарсы күрес, еңбек адамдарының мәртебесін арттыру қоғамның сапалы жаңаруына бағытталған жүйелі реформалардың көрінісі.
Мәдениет пен руханият саласына қатысты бастамалар да құрылтай отырысында кеңінен қамтылды. Президент ұлттық мәдени мұраны сақтау, тарихи жәдігерлерді ЮНЕСКО тізіміне енгізу, театрлар мен мәдениет нысандарын салу және жаңғырту, кітапхана және музей ісін дамыту мәселелеріне айрықша мән берді. Сонымен бірге тарихи және ғылыми мұраны цифрландыру арқылы «Ұлттық цифрлық мұра» қорын құру бастамасын қолдайтынын білдірді.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы қоғамда заң үстемдігі мен азаматтық жауапкершілікті нығайтудың маңызын атап өтті. Қыз алып қашу сияқты заңға қайшы әрекеттерге мүлдем жол беруге болмайтынын қатаң мәлімдеп, әрбір азаматтың заң талаптарын бұлжытпай орындауы әділетті қоғам құрудың басты шарты екенін жеткізді.
Біз, халық қалаулылары, Президент көтерген бастамалар мен нақты тапсырмалардың өңірімізде сапалы әрі тиімді іске асырылуына мүдделіміз. Ұлттық құрылтайда айтылған міндеттер тек мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі. Елдің тұрақты дамуы, халықтың әл-ауқаты мен болашағы жолында бірлесе еңбек ету – баршамыздың азаматтық парызымыз.
Меруеш БАШАЙҚЫЗЫ
Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты



