Қазақстанда туризм саласы қарқынды дамып келеді: шетелдік және ішкі туристер саны өсуде, экотуризмге сұраныс жоғары. Алайда сала әлі толық әлеуетін пайдалана алмай отыр. Инфрақұрылым жетілдіруді, кадр даярлауды және кәсіби мамандардың жұмысын қажет етеді. Бұл жайлы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Turkistan» газетінің бас редакторы, белгілі ақын, публицист Бауыржан Бабажанұлына берген сұхбаты барысында атап өтті.

– Былтыр Қазақстанға миллиондаған шетел азаматы келді. Ішкі туризм қарқынды дами бастады. Мұның бәрі – өте жақсы үрдіс. Әлем елдері туристерді тарту үшін жеке инвесторларға қолайлы жағдай жасап отыр. Біздің елде көрікті жерлер өте көп. Қазір экотуризмге деген сұраныс жоғары. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстанға тең келетін ел жоқ секілді көрінеді. Алайда, белгілі бір себептерге байланысты, соның ішінде жауапты тұлғалардың біліксіздігі мен немқұрайлығының кесірінен туризмнің болашағы зор осы бір саласы әлі күнге дейін кенже қалып отыр. Әзірге таныстыру, яғни презентация жұмыстарынан әрі аса алмай жатырмыз. Туризмнің дамуына тұмса табиғатты қорғау деген желеумен кез келген жобаға қарсы науқан ұйымдастыратын кейбір «эко-белсенділер» зиян келтіріп отыр. Көпшілігінің табиғатта шаруасы да жоқ. Олар өзінің танымалдығын арттыру үшін қоғамды дүрліктіруді, қазіргі тілмен айтқанда, «хайп» жасауды ғана көздейді. Туризм бизнесінде әбден әккі болған, бәсекелестердің шыққанын қаламайтын кәсіпкерлер кейде олардың қолтығына су бүркіп отырады, – деді Мемлекет басшысы.
Материалды әзірлеген Аяулым СОВЕТ



