Жаңалықтар

Президент: Біз тарихи жарақат алған ұлт психологиясынан арылуымыз керек

BAQ.KZ дерегінше, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың V отырысында сөйлеген сөзінде ұлттық сананы жаңғырту, тарихи жарақаттан арылу және мемлекеттілікті нығайту мәселелеріне ерекше тоқталды.

Президенттің айтуынша, Қазақстан қоғамы өткеннің ауыр сабақтарын еңсеріп, болашаққа сеніммен қадам басуы тиіс. Ол ұлттық болмысты әлсірететін қорқыныш пен күмәннен арылып, жауапты әрі саналы ұлт ретінде қалыптасудың маңызын атап өтті.

«Біз баршаға түсінікті, ақылға қонымды, әділ саясатты жақтаймыз. Ең бастысы – Қазақстан жерінің тұтастығын, егемендігін қамтамасыз етуіміз керек. Қазақстанның тәуелсіздігі бәрінен қымбат», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы тарихи әділетсіздіктер мен отарлық кезеңнен қалған психологиялық салдар ұлттың дамуына кедергі болмауы тиіс екенін айтты. Оның пікірінше, қоғамда өз күшіне сенетін, еркін ойлайтын және мемлекетшіл көзқарасы берік азаматтар қалыптасуы қажет.

Президент тәуелсіздікті сақтау тек сыртқы саясаттағы ұстаныммен ғана емес, ішкі бірлікпен, әділ басқарумен және ортақ жауапкершілікпен тікелей байланысты екенін атап өтті. Осы орайда Ұлттық құрылтайдың негізгі мақсаты – қоғам мен мемлекет арасындағы ашық диалогты нығайту, ел дамуына қатысты стратегиялық шешімдерді бірге талқылау екенін жеткізді.

Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық бірегейлікті күшейту, тарихи сананы жаңарту және егемендікті қорғау – мемлекеттің ұзақмерзімді дамуының басты тіректері екенін атап өтті.

Материалды әзірлеген  Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН

Басқа материалдар

Back to top button