Президент бірқатар тағайындаулар жасады
Бүгін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар кадрлық тағайындаулар жасады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Мемлекет басшысының өкімімен Мұрат Бектанов Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қазақстан Республикасы Қарулы күштері бас штабының бастығы қызметіне тағайындалды, ол ҚР Қарулы күштері құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы қызметінен босатылды.
Бақыт Құрманбаев ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары болып тағайындалды, ол ҚР Қауіпсіздік кеңесінің әскери қауіпсіздік және қорғаныс бөлімінің меңгерушісі қызметінен босатылды.
Марат Оразаев ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің жауапты хатшысы қызметіне, ал Алмаз Нұразхан ҚР Ұлттық музейінің директоры қызметіне тағайындалды.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысының өкімдерімен Ержан Бабақұмаров Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі – ҚР Президенті Әкімшілігінің талдау және болжамдау орталығының меңгерушісі қызметіне тағайындалды, ол бұрынғы атқарған қызметінен босатылды.
Ерлан Қарин Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі қызметіне тағайындалды.
Талғат Момышев ҚР Энергетика министрлігінің жауапты хатшысы қызметіне тағайындалды.
Мұрат Майкеев басқа жұмысқа ауысуына байланысты ҚР Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – ҚР Қарулы күштері бас штабының бастығы қызметінен, Талғат Жанжүменов басқа жұмысқа ауысуына байланысты ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары қызметінен, Қуатжан Уәлиев ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы қызметінен босатылды.