Президент бауырлас елдің еңбек мигранттарын келеке еткен экс-министрді сынады

«Бұдан өткен сорақылықты ойлап табудың өзі қиын». Ұлттық құрылтайдың Ұлытаудағы отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бауырлас елдің еңбек мигранттарын келеке еткен экс-министрді осылай сынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біздің бұрынғы бір министріміз бауырлас көрші мемлекеттің азаматтарын келеке қылғаны бар. Олар Ресейге барып, қара жұмыс істеуге мәжбүр. Ал біз, қазақтар, ондай жұмысты істемейміз, бақытты халықпыз деп айтқан. «Естімеген елде көп», әрине. Бірақ, бұдан өткен сорақылықты ойлап табудың өзі қиын», — деді Мемлекет басшысы. Президент айтып өткендей, еңбектен қашқан адам кеудесін ұрып, мақтанбай, керісінше, ондай әрекетінен ұялуы керек. «Адал еңбекті күлкі етіп, мазақ қылуға болмайды. Мұндай теріс пікірлер жастарды адастырады, олардың дүниетанымына жағымсыз әсер етеді. Тіпті, кейде жастарымыз жұмыстан қашып, жеңіл табыс көзін іздеп жатады. Ақыр соңында, мұның бәрі бүкіл халықтың абырой-беделіне нұқсан келтіреді», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетейік, Президент Ұлытау облысына жұмыс сапары аясында Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысына қатысып жатыр. Кеше Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтай құру туралы Жарлығы жарияланды. Ұлттық құрылтайдың қазіргі құрамында Мәжіліс депутаттары мен ҚХА мүшелерінен, азаматтық қоғам мен саяси партия өкілдерінен, сарапшылар мен өңірлердегі қоғамдық кеңес мүшелерінен, кәсіпкерлерден жасақталған 117 адам бар. Солардың бір парасын атасақ, ақын Мұхтар Шаханов, қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров, академик Асқар Жұмаділдаев, экономист Жақсыбек Күлекеев, саясаткер Әлихан Бәйменов, журналист, медиа-менеджер, қоғам қайраткері Ермұрат Бәпи, Парламенттің бірнеше шақырылымының депутаты Нұртай Сабильянов, балуан Дәулет Тұрлыханов, ғалым-биотехнолог Күнсұлу Закария, дінтанушы Қайрат Жолдыбай, ғалым Анар Фазылжанова сияқты есімдер бар. Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің жазбасына сүйенсек, келешекте құрылтай жұмысына қатысушылар ауыстырылып отыруы мүмкін.