Бас тақырып

Президент бағдарының байыбын білсек…

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық Құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында «Ең алдымен, халықтың береке-бірлігін сақтау елдігіміз үшін аса маңызды» деп атап өтті.

Сурет asia24.media

Иә, ынтымақ пен ымыраны екі сөзінің бірінде тіліне тиек еткен Президент бұл жолда қалтарыс болмау қажеттігіне мән беріп келеді. Ал, бірлігі жарасқан ұлт, алдымен, ортақ мақсатқа ұмтылары бесенеден белгілі. Осы орайда, алда көш бастап жүрген зиялы қауымның атқарар рөлі айрықша.

– Бұл туралы үнемі айтып жүргенімді білесіздер. Ынтымағы жарасқан, ортақ мақсатқа ұйысқан ұлт ешқашан ұтылмайды. Ештеңеден құр қалмайды. Бұл істе зиялы қауым айрықша рөл атқарады. Әсіресе, елге сөзі өтетін аға буынның орны бөлек. Олар – қазақтың қаймағы, ұлт­тың мақтанышы. Елдің тұтас­тығы зиялы қауымның бірлігінен бас­талады, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Президент сөзінің мәтінін зерделей отырып, мынадай қорытынды жасауға болады. Қазақстандықтар арасында татулық пен ынтымақтастықты ілгерілету мен нығайтуды жақтай отырып, ел басшылығы қоғамда бар «алауыздық шекарасын» барынша жоюға ниетті. Ел азаматтарына ортақ мақсат жолында келісімнің ауадай қажет екендігін еске салады. Зиялы қауымнан өзге, Президент отандық кәсіпкерлерге жаңа мектеп, аурухана, кітапхана, спорт кешендері сынды әлеуметтік нысандар салуды қоса алғанда, әлеуметтік жауапкершілікті көрсете жүруге үндеді.

Біз экономикалық шеңбердегі азаматтық қоғамда ғұмыр кешіп жатырмыз. Азаматтық қоғам өз алдына демократиялық қағидаттар аясында билік, бизнес және азаматтар арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етуі заңдылық. Яғни, демократияны дамытып, ондағы әр саналы жанның құқығы мен бостандығын қорғауға, әлеуметтік әділеттілік пен тұрақтылықты нығайтуға игі ықпал етеді. Жаһандану үдерісі мен технологиялық өзгеріс атаулысы қоғамдық құрылымға көбірек әсер ететін қазіргі қым-қуыт әлемде азаматтық қоғамның рөлі демократиялық құндылықтар мен институттарды сақтау және дамыту үшін маңызды болып қала береді. Айта кету керек, Ұлттық Құрылтайдың өзі – осы сіз бен біз сөз етіп отырған қоғамдағы ынтымаққа бастайтын мәні терең құрылым. Оған Қазақстанның түрлі этностарының өкілдері, әртүрлі таптар мен кәсіптердің өкілдері қатысады. Олар өз ойлары мен идеяларын тең дәрежеде айтады, олар мұқият зерттеледі, ескеріледі.

– Аға буын жас ұрпаққа жол нұс­қап, ба­ғыт-бағдар беруі керек. Елі­мізде көзі ашық, көкірегі ояу, ойы ұшқыр, білімді жастар көп. Біз олар­дың бойына асыл қасиеттерді сіңіруіміз қажет. Ұлы Абайдың «Бі­ріңді қазақ, бірің дос, көрмесең, іс­тің бәрі – бос» деген сөзі әлі де өзекті болып тұр. Мен зиялы қауым өкілдерінің бір-біріне әрдайым тілектес болғанын қалаймын. Өзара жанашыр болу, түптеп келгенде, елге жанашыр болу деген сөз, – деп тұжырды келелі ойын Мемлекет басшысы.

Атырау атырабында өткен Ұлттық Құ­рылтай азамат ретінде әрқайсымызға нақты тапсырмалар легін үстеді. Әрбір істе қайыр барын біреу білсе, біреу білмес. Бірақ, кез келген істің басы ынтымақпен бастау алса, соңы кеніш болмақ. Президент айтқан Бірлік – бұл елді ынтымаққа бастайтын күш. Бүгінде сан түрлі қақтығыстарға тап болған қазіргі тұрлаусыз әлемде татулық пен толеранттылықтың мән-маңызы сәт сайын артып келеді. Бірлік ұғымы күрмеуі қиындықтарды бірге жеңуге, ортақ мақсатқа жетуге, әділетті әрі үйлесімді қоғам құруға мейілінше мүмкіндік береді. Бірлік гүлденген қоғамның тұрақтылығы мен дамуында шешуші рөл атқарады. Саяси тұрғыда ол азаматтардың мемлекетті басқаруға қолдауы мен қатысуын қамтамасыз ете отырып, демократияны нығайтуға ықпал ете­ді. Экономикада жұмысшылар мен жұмыс берушілер арасындағы бір­лік өнімділік пен инновацияға әкелуі бек мүмкін. Әлеуметтік салада бірлік әділетті және инклюзивті қоғамға жағдай жасай отырып, кемсітушілік пен теңсіздікпен күресуге септеседі. Мәселен, жаһандық деңгейде климаттың өзгеруі, кедейлік және халықаралық қауіпсіздік сияқты көптеген заманауи мәселелерді шешу үшін елдер арасындағы ынтымақтастық ашықтық қажет. Біріккен Ұлттар Ұйымы секілді халықаралық қоғамдастықтар түрлі мемлекеттердің ынтымақтастығы мен күш-жігерін үйлестіруге ықпал ете отырып, осы бірлікті нығайтуда маңызды рөл атқарады. Иә, осыдан келіп, хәкім Абайдың алтыншы қара сөзіндегі «Бірлік – ақылға бірлік, малға бірлік емес» деген тоқтамына еріксіз бас изейміз… Осы бір қастерлі сөздің сыртын ғана емес, ішін де бір кісідей түсінерлік кез жеткендей…

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button