Бас тақырыпЖаңалықтар

Президент: Қазақстан түбі бір түркі халықтарының жан-жақты ынтымақтастығын дамыта береді

Президент Түркі мемлекеттері Парламенттік ассамблеясына мүше елдер парламенттерінің спикерлерімен кездесті, – деп хабарлайды ortalyq.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы мәртебелі меймандарға құрмет көрсетіп,  жиынның мән-маңызына тоқталып өтті.

Сурет: Ақорда

“Парламенттік Ассамблея – өте маңызды саяси құрылым. Қазақстан бұл Ұйымды барынша қолдайды. Мен өзім он жыл бойы Сенат Төрағасы ретінде жұмыс істедім, парламентаралық байланыстарға белсенді түрде қатыстым. Жалпы, Парламенттің жұмысын жақсы білемін, түсінемін. Қазір Парламенттік Ассамблея аясындағы бірлескен күш-жігеріміздің арқасында түркі ынтымақтастығы жылдан жылға нығайып келе жатыр. Бұл – өте жақсы үдеріс, себебі тұтас түркі жұртының халықаралық беделі мен ықпалы да арта түсуде. Ең бастысы, елдеріміздің арасында өзара жақындасуға деген талпыныс бар. Қазақстан алдағы уақытта да түбі бір түркі халықтарының жан-жақты ынтымақтастығын дамыта беруге мүдделі”, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент еліміз Парламенттік ассамблея ұсынған тың бастамаларды қолдайтынын айтып, түркі ықпалдастығына үлес қоса беруге дайын екенін мәлімдеді.

“Қазақстан – Түркі мемлекеттері ұйымының негізін қалаушылардың бірі. Бұл құрылым елдеріміздің экономикалық және мәдени-гуманитарлық дамуына ерекше ықпал етеді деп сенеміз. Оның әлеуетін халықтарымыздың ортақ мақсатына пайдаланған жөн деп санаймыз. Былтыр Қазақстан Түркі мемлекеттері ұйымына төрағалық етті. “TURKTIME” ұранымен біз бірқатар маңызды жобаны жүзеге асырдық. Түркі ықпалдастығын тереңдетуге серпін беретін 100-ге жуық іс-шара ұйымдастырдық. Астанада V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтті. Байрақты бәсеке Ұлы дала өркениетін жер-жаһанға танытты. Түркі әліпбиінің ортақ нұсқасы бекітілді. Мұны тарихи оқиға деуге болады”, – деді Мемлекет басшысы.

Материалды әзірлеген: Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button