Қазақстанның минералдық ресурстары ел экономикасының іргетасы. Табиғи ресурстар секторы елдегі ІЖӨ-нің 20%-дан астамына дейінгі үлеске ие және ірі экспорт түсімдерін қамтамасыз етеді. Сирек кездесетін және стратегиялық маңызды минералдар бойынша әлемдік аренада өзіндік жедел дамып келе жатқан орталық ретінде танытуда. Бұл жайлы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Turkistan» газетіне берген сұхбатында атап өтті.

Еліміз сирек және стратегиялық маңызы бар пайдалы қазбалар қоры бойынша әлемдік көшбасшылар қатарына кіреді. Геологиялық барлау деректеріне сәйкес, Қазақстан аумағында уран, хром, марганец, титан, вольфрам, молибден, литий және сирек жер элементтерінің елеулі қоры шоғырланған. Әсіресе дүниежүзіндегі уран өндірісінің 40%-дан астамын қамтамасыз етеді. Ал бірқатар сирек металдар электр энергетикасы, цифрлық технология, жасанды интеллект, қорғаныс және «жасыл» экономика салалары үшін аса маңызды.
Сарапшылардың пікірінше, бұл ресурстар елдің индустриялық дамуына, жоғары технологиялы өндірістерді жолға қоюға және халықаралық инвестиция тартуға зор мүмкіндік береді. Қазіргі таңда Үкімет геологиялық барлауды кеңейту, пайдалы қазбаларды терең өңдеу және қосылған құны жоғары өнім өндіру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізуде.
Аяулым СОВЕТ
Ortalyq.kz



