Бас тақырыпБасты тақырып

Президент атап өткен жер беру мәселесі шағын орта бизнеске аса қажет

Президент Жолдауында цифрландыру және жасанды интеллект ұғымдарын жиі атады. Цифрлық кодекс жасауға байланысты ұсыныстарын орынды деп есептеймін. Осы салаға қатысты министрлік құру жайлы ойымен ашық бөлісті.

Қазіргі таңда дүниежүзі елдері жасанды интеллектінің дамуына көңіл бөлуде. Қазақстан бұл тұрғыда заманауи үрдістен қалыс қалмауы керек.

Сурет saigez.k

Мемлекет басшысы Жолдаудың біршама бөлігін инвестиция мәселелеріне арнады. Инвестиция –  экономиканың дамуына зор ықпал етеді. Әсіресе, еліміздегі кәсіпкерлердің өзіне-өзі инвестиция алу мәселесін де осы тақырыпқа орай толықтыратын едім. Өйткені, әр кәсіпкер өзінің кәсібінің дамығанын құп көреді. Сондықтан, өзіне-өзі инвестиция салудан бас тартпайды. Соған қолайлы жағдай жасалуы керек. Бүгінгі таңда мемлекет тарапынан бұл мәселеге көңіл бөлу жағы кемшін қалып тұрғаны рас. Дегенмен, Президенттің Жолдауда атап өткенін ескеріп, алдағы уақытта осы мәселелер шешімін табатынына сенім бар.

Жолдауда кеңінен қозғалған тақырып – тауарларды қайта өңдеу жұмыстары. Елімізде инвестициялардың басым көпшілігі шикізат жүйесіне бағытталған. Президент Жолдауда инвестицияның басым бөлігін өңдеу жұмыстарына  арнауға ұсыныс білдірді. Бұл өте тиімді деп есептеймін.

Сондай-ақ, Жолдауда шағын және орта бизнесті дамыту мәселесі қозғалды. Елімізде бүгінгі таңда ішкі өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі 40 пайызға жетіп отыр. Кәсіпкерлердің 6 пайызы ғана өнеркәсіппен айналысатынын ескерсек, бұл өте аз көрсеткіш. Сол себепті шағын және орта бизнеске әлі де қолайлы жағдай жасалуы керек. Ол үшін Президент атап өткендей, осы саланы реттейтін заңнамалар мен кодекстерді қайта қарау қажет. Бұл үнемі әрі жыл сайын қолға алып, дер кезінде жүзеге асатын іске айналғаны жөн.

Президент атап өткен жер беру мәселесі кәсіпкерлерге, жалпы шағын орта бизнеске аса қажет. Жердің берілу мәселесінде әлі күнге дейін бюрократия бар екенін жасыра алмаймыз. Осы мәселе төңірегінде тиісті заңнамалық актілерге өзгеріс енгізіп, жерді беру мәселесін толықтай цифрландыру көп мәселенің шешілуіне жол ашады.

Президент Жолдауының соңында Қазақстанда бірпалаталы Парламент болуы тиіс екенін тілге тиек етті. Мемлекет басшысының осындай мәселелерді халықтан құпия ұстамауға шақырғаны құптарлық бастама.

Серік САНАУБАЕВ,

Қарағанды облысы кәсіпкерлер ассоциациясының атқарушы директоры

 

Басқа материалдар

Back to top button