«Президент алғысы – баршамызға айтылған алғыс»
Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті сессиясында Қасым-Жомарт Тоқаев бейбітшілікті, достық пен ынтымақтастықты нығайтудағы еңбегі үшін еліміздегі этномәдени орталықтар өкілдерін марапаттады. Олардың қатарында «Ассамблея жастары» ұйымының аймақтағы басшысы Александр Урмашов бар.
Президент Александрға қоғамдағы бірлікті, келісімді сақтап, волонтерлік қызметті дамытуға қосқан үлесі мен белсенді азаматтық ұстанымы үшін алғыс жариялады. Белсенді жас Президенттің қолынан марапат алған сәтті ерекше толқыныспен қабылдапты.
Президенттің қатысуымен өткен ҚХА сессиясы Александр Урмашовтың бірінші сапары емес. «Ассамблея жастары» ұйымы басшысының жыл сайын өтетін сессияларға белсенді қатысып, аймақ жастарының абыройын асқақтатып жүргені белгілі. Халықтар бірлігін нығайтуға қатысты мәселелерде белсенділік танытатын Александр биылғы сессияда Ассамблея бұрынғыдан да өзекті өзгерістерді жалғастыру жолында Достық үйлерін руханият орталығына, ұлы достық бесігіне айналдыру мәселесі сөз болғанын атады. Президент Ассамблеяның волонтерлік қызметі, «Жүректен – жүрекке», «Қайырымдылық керуені» секілді акцияларын атап өтіп, оған Қарағанды облысының ҚХА өкілдігі белсенді қатысатынын тілге тиек еткен. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Александр секілді ұстанымына берік азаматтардың жұмысына риза екенін жеткізген.
– Мемлекет басшысының алғысы баршамызға айтылған алғыс. Бұл – ортақ жұмыстың нәтижесі. Алғыс хатпен бірге Барыс белгішесін иелену – бәріне бірдей бұйыра бермейтіні рас. Үлкен марапатты еңбекпен айналысатын барлық ҚХА еріктілеріне айтылған алғыс ретінде қабылдадым. Олар бүгінде көптеген әлеуметтік жобаларға белсенді атсалысып жүр. Мәселен, бүгінде «Жүректен – жүрекке» акциясына әртүрлі жастағы адамдардан тұратын облыс Ассамблеясының 12 мыңнан астам еріктісі жиналды. Біз – бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастырамыз. Алдағы уақытта су тасқынынан кейін жағдайы күрделенген құрылыстарды, мүлікті қалпына келтіріп, тұрғындарға үйлеріне оралуға көмектесу керек. Бес айда барлығына үлгеру міндеті тұр. Қысқа мерзімде мақсатқа жету жолында бізге бірігу керек, – дейді Александр Урмашов.
Александрдың айтуынша, Мемлекет басшысының алғысы секілді мәртебелі марапаттардың барлығы оған этносаралық қатынастарды, қоғамдағы бірлікті сақтауға және ҚХА жастар қозғалысын дамытуға қосқан үлесі үшін берілді. Белсенді қарағандылық бұған дейінгі пікірталас форматындағы Ассамблея сессияларында да қоғамдағы бірлікті сақтауда өз пікірін айтумен көптен ерекшеленген.
– Бірнеше жыл бұрын сессияларды өткізу форматы өзгерді. Мәселелер талқыланып, белгілі бағыттарға жауапты орталық мемлекеттік органдар қатысуымен панельдік пікірталас форматында өте бастады. Биыл орын алған су тасқыны секілді жағдайлар сессия форматын өзгертіп, офлайн және онлайн форматқа ауыстырды.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың су тасқынынан зардап шеккендердің өтемақы алатыны жайлы сөздері ерекше есте қалды. Оларды қиын жағдайда қалдырмау – маңызды. Өйткені, мен Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстары, Арқалықта болып, мәселенің аса ауқымды екенін көріп, зардап шеккендермен сөйлестім. Бұл туралы баяндамамда атап өттім. Ол жақта гуманитарлық көмек қабылдап, эвакопункттерге бардық. Еріктілердің бірігіп жұмыс істейтінін, қазақстандықтардың қажетті көмекті жинап, солтүстікке жібергенін көрдім. Ел үшін атқарылған жұмыстарды көргенде, жігер мен мақтаныш сезімін сезіндім. Ел мүддесі үшін атқарылып жатқан жұмыстардың бекер емес екеніне көзім жетті, – дейді Александр Урмашов.
Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz