Превенция қызметінің басшысы Саян Ахметжанов қарағандылық кәсіпкерлермен кездесті
Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Превенция қызметінің басшысы Саян Ахметжанов «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында өңір кәсіпкерлерімен кездесіп, бизнесті қорғау саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің жаңа тәсілдерімен бөлісті.
Мәселен, биыл бизнесті қорғау сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жұмысындағы басымдықтардың бірі ретінде айқындалған. Яғни, бизнестің дамуына кедергі келтіретін тәуекелдерді болдырмау мақсатында алдын алу жұмыстарына ерекше назар аударылады. Ол үшін Агенттік үш бағытта жүйелі жұмыс жүргізуде. Оның біріншісі – бизнестің адалдығына ықпал ететін тұжырымдамалық шаралар болса, екіншісі кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласудан қорғау тетіктерін енгізу. Ал, үшінші бағыт өңір ерекшелігін ескере отырып, кәсіпкерлердің қажеттіліктеріне жедел ден қою.
Ол үшін «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу шеңберінде бизнесті қорғаудың жобалық тәсіл пысықталған. Бұл ретте, нақты кейстер бойынша практикалық көмек проблемаларды талдау кезінде пайдаланылады.
Одан бөлек, С.Ахметжанов сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамаға енгізілген өзгерістерді де түсіндіре кетті. Мәселен, бұрын қолданыстағы заңнамада сыбайлас жемқорлық туралы мәлімдеушінің еңбек құқықтарын қорғау бойынша қандай да бір шаралар қамтылмаған еді. Қолданылған күннің өзінде зорлық-зомбылықтың немесе басқа физикалық әсердің нақты қаупі болған жағдайда ғана болатын. Саян Қылышұлы мәлімет берушілердің еңбек құқығын қорғау маңызды екенін айтады, себебі, осы жағдайда ғана заңға қайшы әрекет еткен шенеуікті іштен әшкерелеу ықтималдылығы жоғары.
Салтанат ІЛИЯШ.