Премьер-министрдің кеңесшісі: Елге батыл шешімдер қабылдайтын кезең келді
Қазақстан қазір батыл әрі нақты шешімдер қабылдауды талап ететін кезеңге аяқ басты. ҚР Премьер-министрінің кеңесшісі Әлішер Қожасбаевтың мәлімдеуінше, мұнай табысына негізделген бұрынғы экономикалық модель өз әлеуетін толық сарқып бітті.

«Қазір – шешімдер уақыты. Бізге батыл, мықты шешімдер қабылдау қажет. Себебі бұрын кез келген қосымша шығынды немесе субсидияларды жауып келген мұнай рентасы қазір ондай мол табыс әкеліп отырған жоқ», — деді ол.
Мысал ретінде ол жанар-жағармай нарығын және «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының қаржылық жағдайын келтірді. Кеңесшінің айтуынша, ішкі нарықтағы бензин бағасын ұстап тұру үшін «ҚазМұнайГаздың» еншілес компаниялары мұнайдың үлкен көлемін әлемдік нарықтағы бағадан әлдеқайда төмен бағада өңдеу зауыттарына жеткізуге мәжбүр.
«Олар өндірілетін мұнайдың 60 пайызын мұнай өңдеу зауыттарына барреліне 12–30 доллар бағамен жеткізеді. Ал әлемдік баға 60 – 100 доллар аралығында», — деп түсіндірді Әлішер Қожасбаев.
Материалды әзірлеген Аяулым СОВЕТ



