Премьер-Министр егіс науқанына қатысты зардаптардың алдын алуды тапсырды
Еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету егіс науқанына тікелей байланысты. Осы ретте Олжас Бектенов зардаптардың алдын алып, оның салдарын барынша азайтуды тапсырды,–деп хабарлайды ortalyq.kz Aikyn.kz. сайтына сілтеме жасап.
«Биылғы астықтың бітік шығуы егіс науқанын сапалы әрі уақытылы жүргізуге байланысты. Бұл – еліміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей қатысы бар маңызды науқан. Көптеген зардаптардың алдын алып, оның салдарын барынша азайтуға болатын еді. Құрғақшылыққа төзімді сорттар бар. Суармалы алқаптарды кеңейту қажет. Әр өңірге егіс алқаптарын әртараптандыру және қажетті статистикалық деректерді жаңарту индикаторлары жеткізілді. Бұл бағыттағы жұмыс ай сайын Үкіметте қаралатын болады», –деп атап өтті Қазақстан Премьер-Министрі.
Көктемгі егіс жұмыстарын ойдағыдай өткізу үшін Үкімет қажетті шараларды қабылдады. «Кең дала» бағдарламасы бойынша жеңілдікпен 140 млрд теңге кредит беріледі. Сондай-ақ жергілікті бюджеттерден қосымша 100 млрд теңге бөлінеді. Бұл қаржы көздері көктемгі науқандық жұмыстар мен күзгі егін орағына қосымша 425 млрд теңге жеңілдікті кредит бағыттауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жеңілдетілген бағамен 340 мың тонна дизель отынын бөлу жоспарланып отыр. Форвардтық сатып алуға 40 млрд теңге және субсидиялар түрінде 95,4 млрд теңге қаралды.
Материалды әзірлеген: Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ