Портреттiк кеш: олжа – окырман
Қарағанды облысының түпкір-түпкірінде ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында ұйымдастырылып жатқан дауылпаз ақын Қасым АМАНЖОЛОВТЫҢ 105 жылдығы осы жолы М.Әуезов атындағы орталықтандырылған қалалық кітапханада өтті. Бірінен бірі айнымайтын кештерге қарағанда, бұл жолғы «Қыран қанатты ақын» атты портреттік кеш несімен ерекшеленді дейсіз ғой?
Басқа кітапханаларда өтіп жүрген мерейтойлық мерекелерден бір ерекшелігі, бұл жолы кітапхана ұжымы шараға Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің «Арқа сазы» ансамблін шақырыпты. Аталған ансамбльдің әншілері Қасым әндерін жоғары деңгейде шырқап, кітапхана қызметкерлері мен оқырмандары һәм кеш қонақтарын керемет әсерде қалдырды. Шара шымылдығы түрілген бетте ортаға қазақтың классикалық әндерін нақышына келтіріп шырқап жүрген күміскөмей әнші Құрмаш Ыбышев Қасымның «Дариға, сол қыз» әнін жоғары деңгейде салды. Домбыра мен мөлдір әуен қабысқанда, ақын кеудесінен көшкен сеңгір әлем залға кеп ұялағандай еді. Ізін суытпай республикалық Қасым әндері байқауының лауреаты, мәдениет қайраткері, әнші Меруерт Башай ақынның «Жас дәурен» және «Айтшы, жаным» әндерін тамылжыта шырқап, тыңдармандардың құлақ құрышын қандырды.
Кеш жүргізушісі, кітапхананың өлкетану бөлімінің меңгерушісі Гүлайым Жылтыбаева шараға ақынның 105 жылдығына орай туған жері Қарқаралыда ұйымдастырылған облыстық жыр мүшәйрасының жүлдегері атанған жас ақындарды шақырыпты. Олар Қасым рухына арнаған өлеңдерін оқып, оқырмандармен емен-жарқын әңгіме-дүкен құрды. Кеш соңында «Қыран қанатты ақын» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, нәтижесінде, Қасым кітаптарына сұраныс артып, кітапхана жаңа оқырмандарымен қауышты.
Жәнібек ӘЛИМАН