Польшада «Димаш» радиоарнасы жұмыс істеп тұр
Польшаның Варшава қаласында Димаш Құдайбергеннің құрметіне жанкүйерлері әлемнің бүкіл жеріне тарайтын «Димаш» радиоарнасын ашқанын біреуі білсе, біреуі білмес. Бұл арнада 24 сағат бойы Ұлы дала әуендері шырқалып, қазақы танымдық дүниелер беріледі. Бір қызығы, радиоарнаны медиа саласында тәжірибесі жоқ жандар ашқан, деп хабарлайды Ortalyq.kz 24.kz сайтына сілтеме жасап.
«Димаш» радиоарнасының ашылғанына биыл – 3 жыл. Осы уақыт аралығында арна әлемнің әр мемлекетіне тарап, өз тыңдармандарын тапты. Әсіресе, Еуропа, Канада және АҚШ тұрғындарының қызығушылығы жоғары екен. Ал, Варшавадағы Димаштың жанкүйерлері тек концертте ғана кездесіп қана қоймай, әр жаз сайын слет ұйымдастыратын көрінеді. Жанкүйерлері биыл да шілде айында бас қосуды жоспарлап отыр.
– Димаштай талантты «Singer» жобасы арқылы таныдым. Оның орындауындағы «S.O.S.» әні музыкаға деген махаббатымды оятты. Содан кейін оны өз көзіммен көріп, әнін алдында тұрып тыңдағым келді. Сөйтіп, оның концертіне барудың амалын іздедім. Бір айдан кейін Димаштың Лондондағы концертіне бардым. Кейін радиоарна ашуды жоспарладық. Ия, біздің демеушіміз жоқ. Мұндағы редактор мен жүргізуші тегін қызмет істейді. Радиоарнадан Қазақстанның көрікті жерлері, тарихы, қазақ және поляк ұлтының қаһармандары туралы ақпарат таратылады. Димаштың әндерін, жалпы халықтың мәдениетін түсіндіру үшін арнайы қазақ тілі сабағы да жүргізіледі, – деді «Димаш» радиоарнасының негізін қалаушы Збигнев Кужинский.