Польша: Қазақстан жасай берсін!
Польшаға қоныс аударғаныма он жылдан астам уақыт өтіпті. Краков деген қаласында тұрып жатырмын. Польшаның әр қаласына қоныстанған қазақтар Наурыз мейрамын ескерусіз қалдырмайды. Барлық қандастар бірігіп, аса бір ауқымды шара емес, әр қала жеке-дара өткізеді. Айталық, Варшаваның қазақтары өз алдына бірігіп, Наурызды қарсы алады. Краковтың қазақтары жеке дегендей. Польшаға қазақтар соңғы он жылда көптеп келе бастады. Оның көбісі – студент Қазақстан жастары.
Биыл ораза Наурызбен тұспа-тұс келіп тұр. Сол себепті, ораза аяқталған соң сәуірде Наурызды тойлауды ұйғарып отырмыз. Пандемияға дейін бұл мерекені атап өту дәстүрлі түрде жалғасып келген еді. Пандемия кезінде сәл іркіліп қалды. Дегенмен, былтыр Польшада оқитын қазақтың балалары-студенттер мұрындық болып, саябақта ұйымдастырды. Биыл оразадан соң, сәуірдің 13-інде өткізу ойымыз бар. Идея ортаға тасталды.
«Краковтың қазақтары» деген телеграм-арнасы жұмыс істейді. Онда осындағы қазақтар тіркелген. Сол арада отандастар бір-бірімен танысып-білісіп жатады.
Польша қазақтары Ұлыстың ұлы күні Қазақстанға жарқын болашақ тілейді. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Отанымыз көркейіп, қанатын кеңге жаюына тілектеспіз! Туған жердің орнын ештеңе алмастыра алмайды. Қандай жұмақ мекен болса да, туған топыраққа жетпейді. Жүрегіңіз елжіреп тұрады. Шет жүргенде адам тілінің, елінің қадірін түсінеді екен. Қазір қазақтар ана тілімізде сөйлесіп, тек ана тілімізде ақпарат алмасуға ұмтыламыз. Тілімізді қастерлеуге ұмтыламыз. Болмысымызды жоғалтпауға тырысамыз!
Отанымыз – Қазақстан жасай берсін! Ұлыс оң болсын!
Мәдина АБЗАЛБЕКОВА,
Краков қаласының тұрғыны.