Бас тақырып

Полиция қызметі – халық сенімінің айнасы

ҚР Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов Қарағанды облысына жұмыс сапарымен келді. Сапар барысында Қарағанды облыстық Полиция департаментінің жаңа басшысын тағайындап, көпшілікке таныстырды. Сондай-ақ, облыс активімен және қоғам белсенділерімен кездесу барысында Қоғамдық қауіпсіздікті қоғаммен серіктестікте қамтамасыз етудің 2024-2028 жылдарға арналған тұжырымдамасын таныстырып, маңыздылығына тоқталды. Кездесуге облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев қатысып, жиынды өзі жүргізіп отырды.

Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов алдымен жеке құрамға өңірлік Полиция департаментінің жаңа бастығын таныстырды. Қазақстан Республикасы Президент Әкімшілігінің келісімімен Қарағанды облыстық полиция департаментінің бастығы болып Санжар Әскенұлы Әділов тағайындалды. Ведомство басшысы жаңа бастықтың бірқатар жауапты лауазымдарда жұмыс тәжірибесі мен жоғары кәсіби шеберлігін атап өтіп, жаңа жұмыс орнында жетістікке жетуіне тілектестік білдіріп, ел игілігіне қызмет ететініне сенім білдірді. Сондай-ақ, министр осыған дейін департамент бастығы болған Ерлан Файзуллинге атқарған жұмыстарына алғыс білдіріп, Қостанай облысындағы жаңа жұмыс орнына сәттілік тіледі.

Министр Марат Ахметжанов Қарағанды облысы полициясының басшылығы мен жеке құрамының алдында полиция жұмысының адамға бағытталған моделіне көшу, проблемаға бағдарланған тәсіл мен сервистік элементтерді енгізу, қағазбастылықтан арылуды жалғастыру, сондай-ақ, қызметті цифрландыру бойынша міндеттер жүктеді. Сонымен қатар тергеудің жаңа нысандарына, енгізілген заңнамалық түзетулерге, оның ішінде, отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы жұмыстың дайындығына баса назар аударды.

– Қоғаммен серіктестікке Мемлекет басшысы «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында саяси жаңғыруға және адам құқықтарын қорғау мәселелеріне, сонымен қатар, әділетті қоғам құруға ерекше назар аударды. Қоғамдық қауіпсіздікті қоғаммен серіктестікте қамтамасыз етудің 2024-2028 жылдарға арналған тұжырымдамасының жүзеге асуы мемлекеттік билік органдары мен кәсіби полицияның және қоғамның белсенді өзара іс-қимылын талап етеді. Осы тұжырымдаманы көпшілікке ұсыну мақсатында Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов жұмыс сапарымен Қарағанды облысына арнайы келіп отыр, – деді аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев.

Ведомство басшысы Қоғамдық қауіпсіздікті қоғаммен серіктестікте қамтамасыз етудің 2024-2028 жылдарға арналған тұжырымдамасының принциптері, стратегиясы, қалай жүзеге асырылатыны, қандай жұмыстар жасалатыны, халық қандай игілігін көретіні туралы айтты.

– Әділетті Жаңа Қазақстан құру барысында заман талабына сай түбегейлі өзгерістер болып отыр. Кез келген салада жаңа тәсіл, жаңа өлшем, жаңа индикатор керек. Президент тапсырмасы бойынша Ішкі істер министрлігі 5 жылға арналған қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін тұжырымдама дайындады. Қазақстанда тіркелген қылмыстардың 96%-ы біздің өндірісімізде. Мемлекетке қызмет ететін функцияларымыз бар. Полициядағы өзгерістердің барлығы халық игілігі үшін жасалмақ. Бұл тұжырымдаманың өз ерекшеліктері де бар. Тұжырымдаманы бекіту алдында қоғаммен бірлесіп, халық арасындағы көкейкесті мәселелер, жергілікті аймақтың проблемалық олқылықтарын ескеруді көздедік. Тұжырымдама Президенттің Жарлығымен бекітіледі. Жауапты мекемелер, жауапты сала, қаржыландыру көздері қарастырылған, бүгінгі мәселелердің шешу жолдары бағытталады, жоспар, әдіс­тер көрсетіледі. Жыл басынан бері эксперттер, сарапшыларды жұмылдырылып, тұжырымдама жан-жақты талқылануда. Құқық қорғау саласының маңызды бөлігі ретінде полиция қызметкерлеріне – қоғамдық қауіпсіздікті сақтау, қылмыспен күресу, құқық қорғау саласындағы ең маңызды міндеттеме жүктеліп отыр, деді министр Марат Ахметжанов.

Министр Қоғаммен серіктестікте қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұжырымдамасының бағыттарының бірі ретінде жүйеішілік өзгерістерге жеке тоқталды. Атап айтқанда, сотқа дейінгі процесті оңтайландыру, кадр саясатын қайта қарау, ішкі конкурстық іріктеуді енгізу негізінде қызметкерлерді ілгерілету тәртібі, қызметкерлердің жұмыс жағдайларын жақсарту, материалдық-техникалық жарақтандыруды нығайту жөніндегі шаралар. Марат Ахметжанов бұл – полиция қызметтерінің сапасын жақсартуға және азаматтардың сеніміне ие болуға бағытталған шаралардың бір бөлігі екенін атап өтті. Ішкі істер министрлігі жүйеішілік өзгертулерді одан әрі іске асыруды жалғастыратын болады.

Кездесу барысында министрліктің басты назары азаматтардың қауіпсіздігі мен полицияға сенімі екенін атап өтті. Мұндай тәжірибе халықтың пікірін үнемі зерделеуге және оны ескере отырып, жұмысты жетілдіруге мүмкіндік беретінін тілге тиек етті.

Достық үйінде өткен кездесу соңында министр Марат Ахметжанов қоғам белсенділерінің сұрақтарына жауап берді.

Одан кейін Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінде министр оқу орнының ғалымдарымен, оқытушы-профессорлық құрамымен және студенттермен кездесті.

Ведомство басшысы кездесуде азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жаңа тұжырымдаманың ерекшелігін таныстырды. Сонымен қоса, жастарға біліммен қоса тәрбие берудің маңыздылығын айтты. Министр ғылыми қызметкерлермен, жастармен пікір алмасты.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button