Полицейлер қан тапсырып, алғашқы дәрігерлік көмек көрсетуді үйренді
Қарағанды-Сұрыптау станциясындағы желілік полиция бөлімі басшылығы қан орталығы қызметкерлерін шақырып, полицейлердің өз еріктерімен қан тапсыруын ұйымдастырды. Сонымен қатар, дәрігерлер полицейлерге алғашқы медициналық көмек көрсету сабағын өткізіп, өтенше жағдайда қалай әрекет ету керегін де көрсетті.
Полиция қызметкерлері алғашқы медициналық көмек көрсетудің әмбебап әдістерімен танысты, жүрек-өкпе реанимациясының дағдыларын меңгерді. Шара барысында адамның жүрегіне жанама массаж жасау және жасанды тыныс алдыру, адамның есінің бар-жоғын қалай тексеру керектігі айтылды.
Теория бірден тәжірибеге алмасты. Полиця қызметкерлері қан тоқтату үшін жгут ретінде Макаров тапаншасының сақтандырғыш бауын қолданды, ал сынығы бар адамның жарақат салдарының ауырлығын азайту үшін жеке қорғаныс құралдарын аяқ-қолдарын қозғалтпай қоюды үйренді.
Кездесу соңында полицейлер өздерінің қызметіне қатысты нақты жағдайлар бойынша сұрақтар қойып, мамандардың нақты жауаптарын алды.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz