Поэзия – жоқтан бар болудың негізі
Біз алғы бір сөзімізде Абай мен Михаэлис тұлғаларын көне гректік «Para- deicnumi» терминінің мән-мағынасына сай қатар қойып салыстыруымыздың өзіндік құқықтық себебі бар еді. Екі атаулы тұлғаның ұлты да, ұлысы да, ортасы да, ордасы да бөлек, бірақ негізі бір – екеуі де адам болып өмір сүруге жаратылған адамзаттың нәсілі.
Аңызға сенсек, Жаратушы адам рухына «халық қылам, жерді мекен қылып берем, тек онда адам болып өмір сүруге тиістісің. Жақсылықты тірек қылып жасаған ісіңнен зарар шығып кетпесін ойла, көпке пайда боларлық бір үміті бар іс болсын. Бойыңа ғылым, ғадаләт, рахым дарыттым, олардың басын бұрғызып, өзге жолға салып жіберуші болма, қайта өз халіңше гүлдендіріп, кәмәлатқа жеткізбек ізденіс жолында бол. Бұларсыз іс – іс емес» деп шарт қойған.
Адам баласының осынау кемел келісімнен жаралғаны анық іс екендігіне «Алаш» терминін талдасақ, анық көз жеткіземіз. Алаш терминіндегі индо-европейлік «AL» түбірі сабақты етістіктерде адам баласын сәби, нәресте кезінен кемеліне жеткізуге байланысты барша қызметтерді белгілейді («Этимология» 1967 ж. 36 б.).
Біздің дәуірімізге дейінгі IX-VI ғасырдағы Урарту тілінде де адам баласының өсіп-өнуіне қатысы бар етістікті көреміз «Al (a) d/tu» – қамқор болу, жарылқау, сақтау, аяу, есіркеу (Г.А.Меликишвили. Урарту тілі. 66 б.).
Адамзатта аналық символын білдіретін көкнәр өсімдігі Серб-кроат тілінде «Аla» сөзімен аталады («Этнографическое обозрение» журналы 1900 жыл №1-2. «Заметки по истории народной ботаники» М.А.Дыкарева).
Бұрынғы гот тілінде alan – өсу, көне ағылшында alan – «асырау», ескі исланд тілінде ala – асырау, өсу, өну.
Орыста «Алаборить» – реттеу, тәртіпке келтіру. «Алабөрі» – қарызға несие алған адам уақытылы қайтармағанда, дүние-мүлкін тәркілейтін, сот қызметкері, латында аla – қанат және эскадрон атауы.
Қазіргі қазақ тіліндегі «Қоңырат» термині байырғы заманда «құнғұрат», «қоңғырат», «хунгурат» болып таңбаланатын. Исланд тілінде «хондрад» – жүз, сотня. «Сотня» мен «жүз» терминдерінің мағынасы – саны анықталмаған көпшілік, жұрт. Орыста «старик» сөзінің мағынасы жүз басы. Мұндағы «рик» – басшы, «ста» – саны анықталмаған жұрт, белгісіз көп.
Ахмет ханның кезінде аттанысқа жарарлық қазақтан үш жүз әскерді үш жүз басы билепті. Әр жүздің халқы өз ынтымағымен бір туысқанға есеп болған. Қазақтың «Үш жүздің баласы» дейтұғыны – сол.
Жаңағы жүздіктің жиналыс кеңесін «mallus», яғни, «халықтық кеңес» деп атаған. Мұндағы «Mal» – келісім. Арғы қазақта осыдан келісімнен сұрау салу формуласы шыққан: «Мал-жан аман ба?» Яғни, жаратушы мен екі ортадағы келісімнің шарттарын сақтап, адам болып ғұмыр кешіп жүрмісің?
Ескі шумерде «6» санын таңбалайтын белгі «Аш» деп оқылыпты. «Алты» саны теософияда адам деген ұғымды береді. «Алты алаш» – жетілген, кемеліне жеткен адам баласы.
Урартуда «ұлы», «маңызды» деген мағынадағы «Al (a) s (u) in i/e» сын есімінің қазақтың «Алаш» ұғымымен бір екендігін Абайдың «Алаш» терминін «халық», «қазақ» ұғымы ретінде қолдануы растайды.
Алаш сөзінің түбірі болып тұрған «AL» етістігі этруск тілінде «беру», «сыйлау» деген мағынаны көрсетеді. Адам баласының үзілмес нәсіліне өмір сүру құқығын берген бар қылушыны «Сый» деп аталғанын П.Чаадаев бекітеді.
Өмір Алла сыйы деген ой алғаш «Алпамыс» эпосында айтылған. Байбөрі мен жары Аналық жасы келіп қалған шақта Алладан перзент сұрап әзіреті сұлтанды іздеп шыққанда Жаратушы оларға бір ұл, бір қыз сыйлайды. Қызының аты – Қарлығаш, ұлының аты – Алпамыс.
Этруск тілінде «Alpu» сөзі «сый» деген мағына береді, қазақтың «Алпамыс» сөзінің мән-мағынасы «адам баласына сыйға берілген өмір сүру құқығы».
Қызыл тіл де Жаратылыс заңының сыйы. Сол себептен, ел ақтаған ақындыққа құмарларға Абай: «Сый дәметпе, берсе алма еш адамнан, нең кетеді жақсы өлең сөз айтқаннан? Сүйсінерлік адамды құрмет қыл, аулақ бол әнін сатып нәрсе алғаннан».
Қазақ атауын да мемлекеттік мәртебесі бар көне құқықтық терминнің қатарына жатқызуға тиістіміз.
Шумерлердің «Ka za num» сөзінің мағынасы «ауыл ағасы, басшысы» дегенді білдірсе, иврит тілінде Kazak – «мықты» дегенді сипаттайды.
Қырық рудан жиналған, қырық қалалардан құралған шумерде оқығандар мемлекеттік басқару жүйесіндегі билікті «bala» атты құқықтық қағида негізінде кезек- кезек алмасу жолымен атқарып отырған.
Банту халқының зезура тайпасының тілінде bala етістігі «жазу», «оқу» деген мағына беретіндіктен, шумерлерде алғашқы қоғамдық, мемлекеттік бюрократиялық билік білімді «bala» тобынан басталған.
Осынау «bala» қызметкерді М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясында кездестіреміз: бала шәкірт – Абай, бала жігіт – Жиренше.
Бұрынғы қазақтың құқықтық терминдерін Еңсегей бойлы Есім ханның ескі жолы деген бірліктен де табуға болады.
«Бойлы» термині көне түркі тілде «сот, би, судья» деген мағына берсе, «еңсегей» сөздің түбірі «еңсе» – патша деген мәртебеде шумерлерде пайдаланылған. Ескі жол – ескі сөз, заң.
Қазақтың ауыз әдебиеті «Қарға тамырлы қазақпыз» деп бекер айтпаған ғой. Өмір сүру құқығын іс жүзінде іске асыруға қызмет ететін өсіп-өну қағидасын мықты сақтаған ескі тілдегі «қаригинак» сөзінің мағынасы – шоқ қайың.
Қарға бойлы Қазтуған есіміндегі «қарға» да ақ қайың, ағаш. Қазтуғанның есіміндегі «қарға бойлы» – биік, әділ, рахымды, мейірімді сот деген мағынада қолданылуда. Қайың ұшар басы үкідей шоқтанып, биік бойлап өседі. Ол орманның басқа ағаштары өсе алмайтын жерлерде де тез өсіп-өнеді де, қайыңның тамыры мықты, берік болып бітеді.
Заңгер, тіл ғылымының білгірі В.Гумбольдттың жинағындағы тагал тілінен алынған «to bo» сөзі сияқты қазақтың төбе би термині өсімдік әлемінің өсіп-өну заңына сәйкес жаралған.
Тагалда «to bo» – өсімдіктің жер бетіне өсіп-өніп шығуы. Ново-зеланд тілінде «to» – өмір.
Төбе би – өмірдің гүлденуі, әркімнің бойындағы ғылым, рахым, ғадаләтті гүлдендіруі, кемелдікке жеткізу жолындағы адаспай тура ізденгені. Бала биден төбе биге жетілу.
Швед тіліндегі «bala» етістігінің мағынасы – құстың ұя салуы. Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің.
Ағылшындық ғалым Сэр Генри Джеймс Самнер Мэн көне рим құқығын сот (bench) емес, bar деп аталатын еркін құқық қайраткерлері қалыптастырған дейді. Ғалым А.Милитареваның пікірі бойынша шумерлік «bar» мен сабейлік «brr» сөзінің мағынасы бір – жол аршу, жол ашу, жол шығару.
Бала шәкірттіктен соңғы төбе би болып өсіп жетілген біздің Абай үшінші қара сөзінде Алаштың бала билері де қазақтың ескі сөзін осы жолмен жетілдіріп отырғанын атап өткен.
М.Әуезов Абайдың «Ортаға көп салдым, өзімде барымды. Япырмау, неңді алдым, сау қоймай арымды?» деген сөзін роман-эпопеясына қазық қылады. Оны автордың эпопеяны «Үш күндік жолдың бүгінгі, соңғы күніне бала шәкірт барын салды» деп бастағанынан-ақ байқайсыз.
Тіл төресі Н.Маррдың талдауы бойынша «bar» сөзінің мағынасы – бүкіл ұжымның мүшесі, әр адам өз халқың.
Қазақ «bar» сөзін «bai» терминімен қоса «bai bar» деп айтатын, ол «байлық-барлық» түрінде сақталып қалған.
Шынында да, ақылы, көңілі, білімі, көргені, сезгені бай болмаса несін айтпақ, несін салмақ, сол себепті, қазақ «Бар – барын айтат, жоқ – зарын айтат» деген.
Көне еврей тіліндегі Інжілдегі «Бара́» етістігінің мағынасы – жоқтан барлыққа келтірді. Адамзатты бар қылушы, – жаратылыс заңы. Мекен берген, халық қылған – бір үлкен құдай.
Көне грек сөздігінде «поэзия» терминінің мағынасы жөніндегі түсіндірмеде Платонның пікірі келтірілген: «Всякая причина перехода из небытия в бытие есть творчество» – жоқтан бар болудың әр себебі шығармашылық.
Шынында да, мына көзге көрінген бар тіршілік, табиғат, бар мен жоқ жаратылыс заңының туындысы, шығармасы, ғылымы.
Ғылым шығару мен өлең жазудың айырмашылығын анық аңғарған Абай да айтқан: «Біз жанымыздан ғылым шығара алмаймыз, жаралып, жасалып қойған нәрселерді сезбекпіз, көзбен көріп, ақылмен біліп» деп.
Шын шығарманың жалғыз авторы – Алла тағала. Поэзия патшасы! Алғашқы ақын! Соңғысы да – сол!
Марат АЗБАНБАЕВ.