Қарағанды қаласының 14-шағынауданында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында ерекше шара өтті. Плоггинг – спорт пен тазалықты біріктіретін экобастама.

Игі шара Қарағанды қаласы әкімдігі, жастар ресурстық орталығы және «Жасыл ел» жасақтарының қолдауымен ұйымдастырылды. Белсенді қатысушылар көшелерді аралап, жүгіру немесе серуендеу барысында жол-жөнекей шашылған қоқысты жинады. Бар болғаны бір таңның ішінде 50-ден астам қап қоқыс жиналды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай бастамалар қала тұрғындары арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, қарапайым тұрмыстық әдеттер арқылы үлкен өзгеріске жетуге көмектеседі. Қоқысты тиісті орынға тастау, айналаңды таза ұстау және өзінен кейін тазалық қалдыру – әр адамның қолынан келетін іс.
Таза Қарағанды – әрқайсымыздың жауапкершілігіміз.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА