ЖаңалықтарСпорт

«Сарыарқа» хоккей клубы ел чемпионатының плей-офф кезеңін сәтті бастады

Жерлестер бұл кезеңде рудныйлық «Горнякпен» алғашқы кездесуінде – 6:2, қарымта ойында 5:1 есебімен жеңіске жетті.

Сурет клубтың әлеуметтік желідегі парақшасынан

«Сарыарқа» бұл жолы барын салды. Алғашқы кездесуде ойын басталысымен-ақ соққыны қарша боратып, қарсыластарға шайба бермеді. Нәтижесінде, 2-ші минутта – Егор Кузьменко, 4-ші минутта – Александр Борисевич, 5-ші минутта Сергей Барбашев бірінен соң бірі қарсылас қақпасынан саңылау тапты. Бұдан кейін ойынның 12-ші минутында Руслан Демин төртінші шайбаны салып, небәрі бірінші айналымда есепті 4:0-ге жеткізді.
Екінші айналымда да қарағандылықтар бірінші болып есеп ашты. Бұл жолы 23-ші минутта Данила Карабан көзге түсті. Одан кейін 26-шы және 51-ші минутта рудныйлықтар екі шайба салып, есеп алшақтығын қысқартпақ болып еді. Екі минуттан соң Егор Кузьменко ойындағы екінші шайбамен кездесуге нүкте қойды. Есеп – 6:2.
Қарымта кездесуде, керісінше, рудныйлықтар есеп ашты. Ойынның 9-шы минутында қарағандылықтардың қақпасынан саңылау тауып, есепте алға шыққан еді. Бірақ, қарсыластардың қуанышы ұзаққа созылмады. 13-минутта – Александр Борисевич, 14-ші минутта – Никита Баженов көзге түсіп, командасын оқ бойы озық шығарды. Бұдан кейін қарағандылықтар із суытпай, шайбаны қақпаға тоғытып, қарымта ойында да қарсыласынан басым түсті. 28-ші минутта – Виталий Шульга, 42-ші минутта – Никита Баженов, 59-шы минутта – Руслан Демин шайба салып, командасына жеңіс сыйлады.
Енді қос қарсылас наурыз айының басында сырт алаңда қайтадан қарымта кездесу өткізеді. Онда «Сарыарқа» сырт алаңда ойнайды.

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button