Спорт

Плей-оффтан үміт бар

Шайбалы хоккейден Швеция­ның Стокгольм және Данияның Хернинг қаласында өтіп жатқан 2025 жылғы әлем чемпионаты жалғасуда. Қазақстанның ерлер құрамасы үшін алғашқы екі кезең тәмам. Олар бірінші ойында сәтті өнер көрсеткенімен, екінші кездесуінде ұпай жоғалтты.

Сурет әлеуметтік желіден

Ұлттық құрама жігіттері жеребе қорытындысы бойынша «В» тобына түскен еді. Бірінші кездесуді Норвегия құрамасына қарсы өткізді. Әу баста хоккей жанкүйерлері «Қос команда арасындағы басты фаворит – норвегиялықтар» деп баса айтқан еді. Жалпы, құрамы, жетістіктері жағынан салыстырар болсақ, қарсыластардың басымдығы бар. Бірақ, былтырғы әлем чемпионатында отандастарымыз буллит кезеңінде норвегиялықтардан айласын асырған еді. Бұл жолы да үшінші айналымда гол салып, жеңіске жетті.

Алғашқы айналымда қарсылас команда шабуылшысы Йоханнес Йоханнесен есеп ашып, командасын алға шығарған еді. Екінші айналымда ұлттық құрама жігіттері басымдыққа ие болып, таразы басын теңестірді. Шайба салған – шабуылшы Роман Старченко. Матч тағдыры шешілген үшінші айналымды Владимир Волков мергендігімен көзге түсіп, жеңіс шайбасын соқты. Нәтижесінде, Қазақстан құрамасы қарсыласын 2:1 есебімен тізе бүктірді.

Ал, екінші кезеңде Германия ұлттық құрамасымен кездесіп, 4:1 есебімен ойсырай жеңілді. Жалпы, Германия құрамасы – үздіктердің үздігі. Соңғы рет 2021 жылы топтық кезеңде 3:2 есебімен басым түскеніміз бар. Өткен жылы неміс­тер ұлттық құраманы ірі есеппен жеңген болатын. Биыл да олар ұлттық құрамадан айласын асырды.

Екі ойын қорытындысы бойынша отандастарымыз турнирлік кестеде V орынға табан тіреді. АҚШ және Германия құрамасы 6 ұпаймен көш бастап тұр. Ал, 5 ұпай еншілеген Чехия құрамасы – ІІІ орында. Одан кейінгі сатыда 4 ұпаймен Швейцария құрамасы тұр. Енді отандастарымыз үшінші ойынын Венгрияға қарсы өткізеді.

Бұл топтағы Норвегия, Дания, Венгрия құрамасында әзірге ұпай жоқ. Егер жерлестер алдағы уақытта ұпай жоғалтпай ойнайтын болса, әлем чемпионатының плей-офф кезеңіне шығуға мүмкіндік бар.

Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button