Құпия меценат тағы бір қуантты
«Шаңырақтың» шапағаты тағдырдың талқысына түскен талай жанға тиіп келеді. Көп балалы отбасыларды қолдау орталығы көптеген игі іске мұрындық. Бұған дейін бірнеше отбасының баспана алуына ұйытқы болғаны бұқараға мәлім. Кешегі күні сондай шарапаты мол қайырымды істің тағы куәсіне айналды жұртшылық. Осыған дейін де аты-жөнін айтуды құп көрмейтін Атымтай жомарт азаматтың көмегімен «Шаңырақ» орталығы тағы бір отбасын қуанышқа кенелтті. Мұқтаж отбасын мұңнан арылтып, басына баспана сыйлады. Жоғарыда айтқанымыздай, үй алуға жергілікті меценат көмектескен.
Үй бұйырған ана Еркегүл Досмағұлованың тәрибесінде екі бала бар екен. Үлкені – 12 жаста, ал кенжесі – 8 айлық көрінеді. Баспанасыз жалғызбасты ана осыған дейін жеке бір үйдің жертөлесінде тұрып келіпті. Оның өзін жұмыс берушісі қиналып жүргенде ұсынған екен. Онда отанасы от жағушы, көмекшілік жұмыс істеген. – Бұрын пәтер жалдап тұратынбыз. Мен жеке кәсіпкердің қол астында тазалаушы болып жұмыс істедім. Карантин кезінде қатты қиналдық. Үй жалдап тұру ауырлық етті. Жұмыс берушіден үймен көмектесуді өтіндім. Бізге үйінің жертөлесінен бөлме берді. Оған өте ризамын. Дәл осы кезде Ләззат Қожахметовамен таныстым. Ләззат азық-түлікпен, түрлі қажетті заттармен қамтамасыз етті. Ал, жақында оның көмегімен біз баспаналы болдық, – дейді Еркегүл.
Үй сыйлаған дарқан меценат есімін атаудан бас тартқан.
– Біз екі жыл бойы қамқорлығымыздағы мұқтаждарға қол ұшын созып келе жатқан меценатқа ризамыз. Өткен жылы 7 отбасына үй сатып алуға көмектесті. Биыл 6 отбасына баспана сатып алдық. Жуырда тағы бір пәтер аламыз. Бұл адам біздің қамқоршыларымызға тұрғын үйді жалға алу үшін ақы төлеуге көмектеседі. Біздің қоғамда осындай адамдардың бар екеніне қуаныштымыз, – дейді Ләззат Қожахметова.
Өз тілшімізден.