Пирамидалар қандай құпия жасырды?
«Уақыттан бәрі қорқады, ал уақыт пирамидадан қорқады»
(араб мақал-мателі)
Пирамида сөзі айтылысымен сананың түкпірінде Мысыр атауы қылаң береді. Өйткені біз білетін пирамидалар сол жақтан. Алайда әлемнің әр құрлығында да пирамида барын біреу білсе, біреу білмейді. Ғылым дамып, адамзат мұхиттарды бағындырып, өзге құрлықтарға табаны тимеген уақытта бір-біріне ұқсас салынған мұндай тарихи жәдігерлер көп құпияны бүгуде. Архиология өрістеп, ғалымдар тарихқа құныға бастаған кезден кешегі әлемді қатар тізгіндеген КСРО мен АҚШ-тың қырғи-қабақ соғысы кезінде де пирамиданың зерттелуі ең бірінші орында тұрды. Айтпақшы әлемді қанға бояған үшінші Рейх та бұл нысандарға қатты қызыққан көрінеді. Сонымен, пирамидалар не сыр жасырды?
Бүгінде жер шарында екі мыңнан асып жығылатын пирамида бар. Соңғы уақытта мәңгілік мұз құрсауындағы құрлықта та пирамида табылған. Бір қызығы, бұл пирамидалар бой көтерген тұста алып құрылыстарды жүргізуге техника болмаған. Доңғалақты ғылыми жаңалық деп жүрген шақта, яғни 4000 жыл бұрын бой көтерген Хеопс пирамидасы әлемдегі ең биік, ең көркем ғимарат. Оның биіктігі – 146,6 метр, жалпы салмағы – 6,5 млн. тонна және 190 шаршы метр аймақты алып жатыр. Хеопстың негізі болған төрт бұрышты бөлшектердің салмағы әрқилы, 2,5 тоннадан бастап 400 тоннаға дейінгі салмақта. Осындай бөлшектің 2 миллионы құрылысқа жұмсалыпты. Әлгі бөлшектерді Гиза пирамидаларынан 1000 шақырым жерден таудан қашап әкелген. Жалпы Мысырда 100-ге жуық пирамида бар. Биіктігі жөнінен Хеопстан кейінгі орынды Хефрена (143,6 метр), Микерина (66 метр) және биіктігі бірдей 7 кіші пирамидалар еншілейді.
Айтпақшы, пирамидалар Мексикада, Тибетте, Қытайда, Суданда, Боснияда, Англияда, Қырым мен Бермуд үштағанында, Корея мен Перуде, Жапония мен Ява аралдарында, Италия мен Канар аралдарында, Маврекий аралдары мен Франция, Греция, Алжир, Камбоджа, Месопотомия, Непалда бар. Бір қызығы бұл пирамидалардың салыну уақыты сәйкес келеді. Мексикадағы үшбұрышты ғимараттар – Майа тайпасының туындысы. Оның ішінде Теотиукане қаласындағы Күн пирамидасы мен Ай пирамидасы ең танымалы. Қос алып ғимараттардың биіктігі шамалас, бірі – 72 метр болса, екіншісі – 69 метр. Олар 20 тонналық бөлшектерден құрастырылған. Сондай-ақ Юкатан түбегіндегі Чечен-Ица қалашығындағы Кукульхан пирамидасы да туристердің арқасында танымал болып қалды.
Тибеттегі пирамидалар аса ерекше құрылыммен салынған, олар қасиетті Кайлас тауын қоршай орналасқан. Таулы аймақтағы алып құрылыстарды 1999 жылы орыс ғалымдары тапқан. Бір қызығы күннің шығуы мен батуы күннің пирамидалардың үстінде айналып тұрғандай әсер қалдырады. Сондай-ақ, әлемнің басқа аймағындағы пирамидалар да ерекше бір құбылысқа негізделіп салынғанын ғалымдар айтып жүргенмен, нақты қандай құбылыс екенін дөп басып айтқан емес. Олар әлі құпия.
Бізге құпиясын сәл болса да ашқан Мысыр пирамидалары. Өйткені бұл жақтағы зерттеулер мардымды жүрді. Мысыртанушылар өткен ғасырдың басында-ақ әлемнің жетінші кереметінің сырына қанығу үшін барын салды. Төменгі Мысырдан Гиза, Абу-Сир және Саккару арқылы Дашур алқабына дейін созылып жатқан пирамидаларды зерттеушілер алдымен перғауындардың моласындағы қазынаны табуға тырысты.
Біле білгенге көне Мысырда билік перғауынның қолында болғанмен, сол перғауынның іс-қимылын жоспарлап, елдің саяси ахуалын ретке келтірушілер абыздар еді. Жазбаларға сенсек, перғауынның өзі билеуші болғанмен, абыздардың алдында иланады екен. Абыздарды арнайы мектеп даярлап, олар кейін билеушіге әмір ету деңгейіне дейін жеткен. Сол абыздар ғарышпен байланыс орнатуды мақсат тұтқан. Мысырлықтардың танымында аспан мен жерді Осирис пен Серапис, Изида билеп тұрған. Олардың танымында жер мен ғарыш тұтас тіршілік, бір-біріне байланысып жатқан құбылыс. Амон-Ра күн құдайы болса, перғауын оның жердегі ұлы, жердің патшасы. Ал абыздар ана мен баланы байланыстырып тұрушылар. Өйткені абыздарды ғарышпен байланыс жасауға бала күннен баулиды. Сол арқылы болашақ болжанады.
Айтпақшы, болашақты болжау дегеннен шығады, белгілі мысыртанушы Девидсон пирамида ішіндегі жазбаларды оқу нәтижесінде Екінші дүниежүзілік соғыстың боларын айтып кетіпті. Зерттеушінің күнделігінде абыздардың болашақты нақ болжайтыны жөнінде де жазба бар екен. Тіпті пирамидалардың орналасуының өзінде үлкен мән жатыр. Ол жұлдыздың және өзге аспан денелерінің жердегі сұлбасындай екен. 1993 жылы белгиялық ғалым Роберт Бьювел елді шу еткізді. Ол Мысырдағы пирамидалардың Орион шоқжұлдызындағы үш үлкен жұлдызға сай орналасқанын айтты. Алайда шоқжұлдыз Гиза аймағында орналасқан меридиан сызығына сай келуі тиіс. Айтпақшы, ғалымның пайымынша, Гиза аймағындағы ескерткіштердің бәрі осышоқжұлдызға сәйкестендіріліп салынған.
Ал әйгілі көріпкел Эдгар Кейси Сфинкс пен пирамидалар біздің заманымызға дейінгі 10450 жылы салыныпты, әлгі Сфинкс Орион шоқжұлдызындағы белгілі нүктеге қаратыла орнатылған. Кейсидің жазбаларында Сфинкстің оң жақ аяғында жерасты жолы бары дәйектелген. Сол жерасты жолы адамзаттың құпиясын ашуға жәрдемдеседі екен. Кейін бұл құпия жол табылды. Сейсмикалық қондырғы арқылы ғалымдар арыстан денелі адамның оң аяғының астынан қуыс аймақты тапты, ал біршама уақыт өткеннен кейін пирамидалар аймағындағы бір құдықтан әлгі жерасты жолының қақпасы да табылды. Құдықтың тереңдігі 32 метр екенін ескерсек, көптен бері қақпаның көзге көрінбеу себебі де белгілі. Бір қызығы жерасты жолынан граниттен соғылған саркофаг шыққан. Бірақ «болашаққа жолдау капсуласында» ешқандай жазба жоқ. Алайда ғалымдар базынасын айтып жатпады, құпияны арши түсу үшін жан-жақты зерттеуге көшті. Нәтижесін жерасты жолының қабырғаларында жұмбақ суреттер табылды. Егер әлгі суреттердің жұмбағын шешу мүмкін болса, болашақтың бағдары белгілі болады деген сөз.
Ал, Майа пирамидаларының құпиясы Мысыр пирамидаларынан кенде емес. Бір қызығы Мексика ғажайыптарын 4000 мың жыл бұрын атланттар тұрғызды деген гипотиза бар. Шынында жиырма тонналық қесектерді алып көтергіш құрылғы мен тасымалдаушы көлік болмаған шақта кім тұрғызуы мүмкін?
Теотиуакане атауын біздің жатық тілге аударғанда – Құдайлар қаласы деген мағына береді. Мұндағы Күн және Ай пирамидаларының арасын «өлім жолы» жалғап тұр. Майалықтардың нағыз матиматик болғанын оқып-біліп жүрміз, бірақ шектен тыс арифметик, астроном болды дегенге ешкім сене қоймас. Бірақ шындығы сол, олар күн жүйесі мен аспан денелеріне орай ғарыштық сағатты ойлап тапқан. Мұндағы уақыт пен жүйе біздің кәдуілгі сағатымыздан да тым нақты.
Пирамидалар әлі күнге құпиясын ашқан жоқ. Ғалымдардың бір тобы ежелгі жұрттың ғарышпен байланыс құралы болған дегенді айтса, бір тобы бұл тіптен адамзаттың салмаған ғимараты дегенді алға тартады. Кім білсін?
Т.Тосқауыл