Бас тақырыпМәселе

ПИК-тен МИБ-тің несі артық?

ПИК-тің орнына МИБ-ті күткелі үш жыл. Заң шыққалы да осынша. Обалы нешік, заң күшіне енген іле-шала. Заң шіркінде кінәрат жоқ. Айып – асықпай жүріп, анық басқан өзімізде. Не десек те, ПИК-тен ат құйрығын біржола кесісіп, кете салу да оңай емес екен. Көп-көрім қиындық тудырды. Сондықтан да ПИК-пен «қоштасу» биылғы шілденің 1-іне дейін ұзарғаны мәлім. Негізі, ПИК-тің «базары» 2022 жылы қаңтарда толық тарқауы тиіс еді. Бірақ олай болмады…

Коллажды жасаған Шынар Адамбекова

Өзі – қожа, өзі – би, дегенмен…

Мойындау керек. 1997 жылы «шыр» етіп, «дүниеге келген» «КСК» Үкіметтің үкілеген үмітін риясыз ақтай алмады. Билік те жасырып, жаппастан «ПИК өзінің қазіргі қоғамда өзектілігін жоғалтқанын» жалпақ елге жария қылған. КСК-ның бәрі бірдей сенімге селкеу түсірді деуге келмес, әрине. Дегенмен, басым бөлігі. КСК атаулы заманында үй-жайдың жоғын «ысқырып жүріп іздегеніне» екінің бірі, егіздің сыңары куә. Сондықтан да, мүлік иелері бірлестігін құру мәселесі туындаған-тын. Оны туындатқан да уақыттың – өзі. Мүлік иелерінің бірлестігі, немесе жай серіктестік арқылы әр үй өзіне жағдай жасайтын қағидатты ұстанады деген пәтуа ақылға сыйымды көрінген. Әйткенмен, «Бақсақ, бақа екен» демекші, МИБ-тің беймәлім кілтипандары бар екен. Тарқатайық.

МИБ-тің негізгі қағидасы – «Бір үй – бір МИБ – бір есепшот». Қарасаңыз, орынды. Әр үйдің – өз бюджеті. Бұрынғыша бір үйдің ақшасымен, екінші үйдің жыртығын жамау жоқ. Яки, белгілі бір үй өз қаражатын өзіне ғана жұмсайды. Заңдағы өзгерістер үй иелерінің таңдау жасап, шешім қабылдауына еркіндік береді. Сол арқылы «Үй кеңесі» құрылады. Бұған дейін, ПИК дегеннің біразы көпқабатты үйлерді «жүнжітіп» жібергені өтірік емес. Тұрғындардың жауапсыздығы да бұл арада жығылғанға жұдырық болған-ды.

Сол себепті де ПИК секілді басқарудың мән-маңызы қалмағанын билік те атады. Содан осындай жаңалықтармен тұрғын үй шаруашылығын «серпілткісі» келеді. Негізінде, өте құптарлық. Өз тиын-тебенін бір үй бір өзіне жаратуы, оның есеп-қисабы көз алдында тұруы «бітпес даудан» құтқарады. Шашылып қалған шаруашылығын қалпына келтіреді. Былайша айтқанда, «Ортақ өгізден оңаша бұзау артық» деуге әбден лайық.

Бұрын бір ПИК-те кемінде 150- 300-ге жуық пәтер бар еді. Бұдан түскен қаржының қайда кететінінен жұрт бейхабар-тын. Пәтер иелері кооперативтерін тексеріп, тергеген құзырлы орын, не тұрғындар тағы жоқ еді. Енді МИБ-те оның бәрі жойылады. Онда тұрғындар төлеген тиындарына дейін түгендеуге хақылы. Десек те…

Сантехниксіз сан соғып қалмай ма?

Жаңа салынған аз қабатты әрі пәтер саны көп емес үйлер үшін бұл анау айтқандай оңай шаруа емес екен. Бейресми деректер жаңа үйді басқаруына алған үй басқармаларының бір шаршы метрге 130-150 теңге шамасында ақы сұрайтынын айтады. Яғни, бұл 90 шаршы метрлі пәтерге айына 13 500 теңге төлеуі тиіс деген сөз. Аз қаражат емес. Сондықтан да осы орайда жаңа үйлердің өзінде әр пәтерден шақтап қаражат жинап, МИБ құру – маңыздырақ. Дегенмен, ол да мәселені түбегейлі шешпейді. Себебі, МИБ үнемі жалақы алатын сантехник, электрик секілді тұрақты мамандар ұстамайды. Қажеттілік туындағанда ғана жүгінеді. Аула тазалаушы, кіреберісті жуып-шаятын еден жуушы тұрақты болуы үшін оған ақы керек.

«Ару ана» тұрғын үй кешенінің тұрғындары өз ішінен МИБ құруға келісімге келген. Өйткені бұған дейін ұсыныс айтқан бірнеше үй басқармаларының сұраған ақысы шаршы метрге 130 теңгеден кем емес. Шаршы метрі 40 теңгеге ешбір үй басқармасы келіспеген. Бұл кешеннің ауданы шағын, небары 3000 шаршы метр дейді құрылыс компаниясы.

Көрсетілген сомаға үй маңындағы аумақ, кіреберістерді жуыпшаю, сантехникалық және электрлік жұмыстар кіреді екен.

– Бұған мен де, өзге тұрғындар да келіскен жоқпыз. Өйткені, үш бөлмелі пәтерге айына 12 мың теңгеден шығады. Өте қымбат, – дейді кешен тұрғыны Кристина Семенова.

Сондықтан да тұрғындар өзара МИБ құруға келісімге келді. Кешендегі 45 пәтер 4 мың теңгеден шығарып, оған аула тазалаушы мен еден жуушы жұмысқа алынады. Сантехникалық және электр энергиясына қатысты мәселелерде келісіммен мамандар шақырылмақшы. Әйтпесе, оларға тұрақты түрде айлық төлеп ұстап тұруға тұрғындардың шама-шарқы жетпейді. Ал егер ол кешендерде аяқ асты апатты жағдай орын алса, қайтпек керек? МИБ-тегі түйткілді мәселенің бірі – осы. Оған әзірге жауап жоқ. Үйдің жаңалығы уақытша оларға жүгінбеуге мұрсат беріп тұр. Ескі үйлер қалай қылмақ? Ол жағы беймәлім бізге.

Жаңа тұрғын үйге тариф қымбат

Энергетика және тұрғын үйкоммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, бүгінде жаңа басқару нысандарын құру мүмкіндігі бар 6145 көпқабатты үйлердің ішінде 203 МИБ және 5942 ЖС тіркелген. Бұл – 100 пайызды құрайды екен.

«Кондоминиум объектілерін басқару бойынша ең төменгі тариф бүгінде облыстың 13 өңірінде бекітілген. Облыс бойынша орташа тариф 1 шаршы метр үшін 25-28 теңгені құрайды.

Бүгінгі таңда қалалар мен аудандардың әкімдіктері ЖС-ке көшу бойынша пәтерлер саны 30-дан асатын жерде МИБ-не көшу бойынша жұмыс жүргізуде», – дейді энергетика басқармасының басшысы Қайрат Бегімов есебінде.

Қарағанды қаласы әкімдігінің дерегінше, шаһардың үй қорына 2 645 көпқабатты үй тіркелген. Оның ішінде, Қазыбек би ауданында – 1590, Октябрь ауданында – 1055 үй.

Алайда, басқарма көрсеткен тарифтің су жаңа үйлерге келгенде қолданылмайтынын жоғарыда атап өттік. Демек, құзырлы орындар бұл жағдаяттан бейхабар. Оған қоса, «сантехниксіз, электриксіз бұл үйлердің көрген күні қалай болар екен?» деген күдікті ой да көңіл түкпірінде қылтияды. Бұл да жауапсыз. Негізі, ПИК-тен МИБ-тің бір кем дүниесі осы боп тұр. Шілдеге дейін уақыт бар, бір шешімі табылар деген дәме де жоқ емес.

Қызғалдақ АСҚАРҚЫЗЫ.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button