Періште пейіл салтанаты
86 жылдық тарихы бар облыстық «Орталық Қазақстан» газетінде әр жыл сайын басылымның туған күніне «Балбөбек» арнайы бетінің кішкентай оқырмандарын, жас тілшілерін марапаттайтын дәстүр сақталған. Яғни, жыл сайын осы бетке өзінің қаламынан шыққан туындыларын жариялаған жас оқырмандар газеттің туған күнінде редакцияға арнайы шақырылып, естелік сыйлықтар табыс етіледі.
«Балбөбектің» де өзіндік тарихы бар. Қарымды қаламгер, дарынды журналист, кезінде «Орталық Қазақстан» газетінің редакторы қызметін атқарған Рымқұл Сүлейменов тұсауын кескен осы арнайы бет жылжып жылдар, зымырап күндер өткенімен, әлі күнге жалғасын тауып келеді. «Балбөбектің» де атауы тұрмақ, атауының бір қарпіне де өзгеріс енбеді содан бері. Шыны керек, беттің жетекшісі Аяулым Совет Бас редакторы Мағауия Сембайға – Мағаш ағасына суретіне өзгеріс енгізу туралы ұсыныс жасап барған кезде, «…Бұл – тарих. Тарихты өзгерте алмаймыз. Кезінде редактор болған Р.Сүлейменовтің өзі бастаған бұл бастама сол қалпы қалсын» дегені бар еді. Редактордың бұл сөзі «Балбөбектің» беделін одан әрі арттыра түспесе, бір мысқал да төмендеткен жоқ. Ол да дұрыс болар. «Балбөбек» арқылы газетке көзі қанық болған жас оқырманының ойында «Орталық» бала күнгі бір белгі ретінде сақталса, қазіргі күні – сырласы. Оның үстіне, редакторлық қызмет атқарған кезінде газетте арнайы беттер ұйымдастырып, талай ой түйгізер мақалалар жариялап, арнайы номер кезінде газеттің бірінші бетінен соңғы бетіне дейін өзі дайындап шығатын Рымқұл Сүйлейменовтің де бала кезде жазған дүниелері газет бетінде жарияланып тұрған.
Биылғы жылы да беттің жетекшісі Аяулым Советтің ұйымдастыруымен бір топ жас ұлан газеттің туған күні қарсаңында редакцияға арнайы шақырылды. Атап айтар болсақ, Қарқаралы ауданы, №3 Ынталы мектебінің оқушысы болған Шалқар Cүлейменов, Балқаш қаласы, С.Сейфуллин атындағы №7 мектеп-гимназиясының «Кәусар» орталығының жас тілшісі Әнуар Искаков, Қарағанды қаласындағы №53 мектеп-лицейінің оқушысы Фариза Құрманғалиева, Ақтоғай ауданы, К.Байсейітова атындағы мектеп оқушысы Әминә Зекен, Шет ауданы, Ю.Гагарин атындағы мектеп оқушысы Айсаным Қайратова, Жаңаарқа ауданы, Б.Амалбеков атындағы мектеп оқушысы Мәди Пазыл, Бұқар жырау ауданы, Көкпекті орта мектебінің оқушысы Дильназ Жаңбырбаева, Осакаров ауданы, №1 қазақ орта мектебінің оқушысы Ақбота Әбдуова, Қарағанды қаласы, №77 мектеп-балабақша кешені оқушысы Еркежан Сағынтай арнайы дипломмен марапатталып, «Балбөбектің» естелік сыйлығына ие болды. Сонымен қатар, газет жанашыры және ұрпақ тәрбиешісі болғаны үшін бүлдіршіндердің ұстаздары да Алғыс хаттармен марапатталды.
Газет редакторы Мағауия Сембай жас тілшілерге ұлтының жоғын жоқтар, абыройын асқақтатар азаматы болуына тілегін білдірді.
Салтанат ИЛЬЯШОВА